дүйсенбі, 30 қыркүйек 2024
Жаңалықтар 5 10.05.2023 14:54

Жаманқұловтың 70 жылдығын жасауға кім кедергі келтірді?

Фото: stan.kz

Танымал театр және кино актері Тұңғышбай Жаманқұлов 70 жас мерейтойын дүркіретіп атап өтуге не себеп, кім кедергі болғанын жасырмай айтты. Бұл туралы teznews.kz ақпарат агенттігі “Жетісу” телеарнасына сілтеме беріп хабарлайды.

”Себеп те болды, кедергі де болды. Бұрынғы министрмен текетірес болып қалғанын бүкіл халық біледі. Ол жігіт билік, мансабын пайдаланып маған біраз қиянат жасады. Сол кездері ол аттың үстінде болатын, дәурені жүріп тұрды, бәріне сөзі өтіп, бұйрық беретіндей жағдайда болды. Сөйтіп Арыстанбек Мұхамедиұлы Асхатты қойды. Мен 70 жасқа келгенде менің шәкірттерім “Қуыршақтар” деген спектакль дайындап, театрда орындау үшін кіші залды сұраған екен. Үш қайтара барып сұрапты, бірақ рұқсат етпепті. Тойлануға да , тойлатуға да рұқсат та, құлық та болмады. Өзімде рұқсат сұрап брмадым, жоғарыдағыларға жалынған жоқпын. Өздерінің ықыласы болмаған соң мен де жылы жауып қоя салдым”, – дейді Тұңғышбай Жаманқұлов.

Актер Мұхтар Әуезов атындағы театрға еңбегі сіңгенін айтып, өнер ордасына басшылық еткен кензін еске алды.

“Театрда қызмет жасап жүргеніме биыл 52 жыл болды. Он шақты жыл осы театрдың басшысы болдым. Жан-жағының бәрі құлап, қирап, актерлеріміз айлық ала алмай, гастрольдік сапар тұрмақ жақын жерге бара алмай жүргенде гастрольдік сапарларды ұйымдастырдым, құлап жатқан мраморларды да жөндеттім, су ағып тұрған шатырын да жаптырдым. Мұның бәрін мен танымалдығымды, қадңр-қасиетімді пайдаланып, үкіметтен бір тиын ақша алмай жасағанмын. Сол себепті бұл театрға еңбегім сіңді деп айта аламын. Басшылықтың сол жетпіс жылдықты елеп-ескеріп жасауға құлқы болу керек еді. Болмаған соң мен оған жалынбадым”, – дейді актер.