сенбі, 28 қыркүйек 2024
Шоу-бизнес 299 03.07.2023 23:12

Төреғалидің қамау мерзімі ұзартылды

Фото: old.aqmeshit-aptalygy.kz

Әнші Төреғали Төрәлінің қамаудағы мерзімі тағы 15 күнге созылды. Бұл туралы Алматы қалалық сотының баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды Teznews.kz порталы ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

Алматы қалалық сотының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, А. есімді азамат (Төреғали Төрәлінің тегі бойынша – авт.) 14 маусым күні Алматы көшелерінде көлік жүргізіп келе жатып, тұтас қос жолақты жол белгісі бар жерде бұрылған және полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын орындамаған.

Осыған байланысты ол ҚР Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 596-бабы 3-бөлігі (жол белгілерінің тұтас сызығынан бұрылу) және 667-бабы 1-бөлігі (полиция қызметкерінің талаптарын орындамағаны үшін) бойынша қосымша жауапкершілікке тартылды. 15 (он бес) тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 6 (алты) ай мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айрылды.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, 14 маусым күні Алматыда есірткіге масайған көлік жүргізуші полицейлерге бой бермей, оқиғаға орнынан қашпақ болғаны хабарланған еді. Патрульдік полиция қызметкерлері жүргізушіні ұстап, медициналық сараптама нәтижесінде оның есірткіге мас екені расталды. Сол күні көлік жүргізуші әкімшілік жауапқа тартылды. Ол 20 тәулікке қамауға алынып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айрылды. Сот отырысында құқық бұзушы іс материалдарында баяндалған фактілерді растап, өкінетінін айтқан.