сейсенбі, 1 қазан 2024
Жаңалықтар 4 14.04.2023 10:33

Шымкентте туберкулездің ашық түріне шалдыққан мұғалім сабақ берген

Фото: ашық дереккөз

Шымкент қалалық білім басқармасы туберкулездің ашық түріне шалдығып, сабақ берген мұғалімге қатысты пікір білдірді.

Бұған дейін санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы №33 мектепте туберкулездің ашық түрімен ауырған мұғалімнің оқушыларға сабақ бергенін хабарлаған еді. Мұғалім бірнеше сыныпта сабақ берген, атап айтқанда, бірінші және төртінші сынып оқушыларымен байланыста болған. Санэпидемиологтардың айтуынша, оқушылар мен оқытушылар құрамы арасында туберкулездің таралуына жол бермеу бойынша барлық шара қабылданды. 

Осыған байланысты мектеп дезинфекцияланды. Ал оқушылар бір күнге онлайн форматқа ауыстырылды. Санитарлық-эпидемиологиялық тергеу жалғасуда.

Шымкент қалалық білім басқармасының мәліметіне сәйкес, ол мұғалім 16 наурызда медициналық тексерістен өткен. Сол кезде флюорография да жасалды. Ал дәрігерлер "созылмалы бронхит" деген диагноз қойған. 7 сәуірде кешкі сағат 20:30-да мұғалім өзін жайсыз сезініп, жедел жәрдем шақырған.

"Дәрігерлер оны бірден туберкулез диспансеріне алып барды. 8 сәуір, сенбі күні анализдерге талдау жасалды. Соның қорытындысы бойынша туберкулез анықталды. Қазіргі кезде мектепте дезинфекция жасалды", – дейді басқарма мамандары.

Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы тексеріс шараларын жалғастырып жатыр. Мектеп мұғалімдері мен оқушылардың денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Балалардан сынама алынады.