сейсенбі, 1 қазан 2024
Жаңалықтар 6 19.04.2023 15:44

Aлматы облысында 72 жастағы зейнеткер 12 жасар қызды зорлаған

Фото: ашық дереккөз

Алматы облысы Ұйғыр ауданы Шонжы ауылында 12 жасар қызды 72-дегі ер адам зорлаған деп хабарлады.

Полицияның айтуынша, ер адам мектепке барып, қызбен сөйлесіп тұрған. Мұны тәрбие ісі жөніндегі меңгеруші байқап қалып, зейнеткерге ескерту жасаған.

"Ер адам мектептің алдына келгенде мұғалімдер көріп қалған. Мектеп алдында қызбен әңгімелесіп тұрған. Тәрбие меңгерушісі ер адамға ескерту жасайды. Қызды шақырып алып сөйлескен. Оқушы басында "атаң бар ма деп жай сұрады" деп айтпаған. Кейін психологтарға бәрін айтып берген. Қыз 12 жаста, бұл жаста ондай өтірік айтады деп ойламаймыз. Айтуынша, ер адам оған екі рет тиіскен", – деді Шонжы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері.

Жәбірленуші қыздың анасы оның жағдайын айтып, көз жасын тия алмай отыр.

"23 наурызда қызымды кәмпит берем деп алдап шақырып, үйіне кіргізіп алған. Сол жерде өз киімін шешіп, қызымның киімін жыртып тастаған. Одан кейінгі оқиға 9 сәуірде болған. Бірақ бірде-бір рет байқамадым. Қызымның мінезінен де еш өзгеріс байқамадым. Мұғалімдер оның мектеп жанында ер адаммен сөйлесіп тұрғанын байқап қалып, кейін қызым психологтарға бәрін айтып берген", - дейді жәбірленушінің анасы.

Ас ішуден қалған әйелінің күйін байқаған күйеуі не болғанын сұраумен болады. Қыздың әкесінен жұмысындағы әріптестері мән-жайды сұрап жүріпті. Ойына күдік ұяламаған әке бар жайды әйелінен бес күн өткен соң бір-ақ естиді.

"Күйеуім сұрай берген соң ақыры айттым. Қызымның қазір жағдайы ауыр. 4-5 күн болды төсекке кіші дәрет жіберіп қояды, психикасы мүлдем бұзылды. Баламның болашағына балта шапты. Бүкіл ел маған үрпиіп қарайды. Бұл жерде енді қайтіп тұрамыз? Өмір сүргім келмейді", - деп еңіреді ана.

72 жастағы ер адам Қылмыстық кодекстің 120-бап 4-бөлігі ("Жас балаға қатысты жасалған зорлық") бойынша күдікті деп танылып, сот санкциясымен екі айға қамалды.

Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр. Ал аудандық білім бөлімі тергеу бітпейінше еш уәж айта алмаймыз дейді.