дүйсенбі, 30 қыркүйек 2024
Жаңалықтар 8 20.04.2023 17:9

Түркістан облысында қан араласқан су ағып жатқаны жұртты дүрліктірді

Фото: Sputnik

Түркістан облысы Сайрам ауданының тұрғындары малдың қаны араласқан судан мезі болғанын айтып дабыл қақты, деп хабарлайды Teznews.kz порталы Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.

Ақсукент орталығында көпқабатты үйлерден шығатын сарқынды суды құятын 8 жасанды бассейн бар. Бассейн маңына жақын орналасқан мал сою орындары малдың қанын жасанды бассейндерге құйып отырған.

"Сол жерге қанды рұқсатсыз құйып жүрген. Енді ол сіңбей, шұңқырдың сыртына шығып кеткен. Мал соятын мекемелер қанды арнайы орталыққа апарып төгу керек. Ол жерге өткізгенде көлікке ақы төлейді. Ал олар бассейндерге рұқсатсыз әрі, тегін төгіп отырған. Салдарынан қан аралас су жайылып кеткен", - дейді Сайрам ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Қан аралас су бассейн маңы емес, тіпті егістікке жайылған. Қазіргі күні жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері ауданның ішкі істер қызметкерлерімен бірлесіп 3 дана механикаландырылған техникамен объектінің сүзу алаңдарын кеңейтіп, тереңдетіп жатыр.

"Полиция жаңағы жердің тәртібін қадағалап, бассейндерге қанды төктірмей жатыр. Мал соятын орындар бассейндерге тағы бір мәрте қанды төгетін болса, қатаң шара қолданылады", - дейді аудандық әкімдік.

Ал облыстағы экология департаментінің мәліметінше, тексеру нәтижелері бойынша кінәлілерге айыппұл салынады.