дүйсенбі, 30 қыркүйек 2024
Шоу-бизнес 15 28.04.2023 9:51

Айгүл Иманбаева ұлының анасы мен әкесіне өкпелі екенін айтты

Фото: exk.kz

Танымал әнші Айгүл Иманбаева “Қыздар-ай” бағдарламасында ата-анасымен, ұлы Асылжанмен болған жанжалдар туралы ашық айтты.

Өнер иесі ұзақ жылдар бойы психологпен жұмыс жасағанның арқасында көп мәселелердің шешімін тапқанын мойындады. 

“Мен ортаммен, ата-анаммен, баламмен, әріптестеріммен көп түсініспеушіліктер болып жатқанын байқадым. Табыс тауып жатырмын, бірақ жетпейді. Өзімнен басқаның бәрін кінәлайтынмын, біреуді жамандаймын, тез ренжимін. Сондай бітпейтін мәселелерден шаршап кеттім. Сөйтіп психологиялық кітаптар оқи бастадым, сондай әңгімелер естіп қалып жүрдім. Ал мен  айналамда болып жатқан әңгімелердің, кездескен адамның тегін емес екенін білетінмін. Сөйтіп психологиялық кітаптардан бастап кеттім. Мен осыдан бірнеше жыл бұрын әкемді саналы түрде кешіргенмін, бірақ жүрек кешірмепті. Ал кейінгі мен жасаған жүрекпен кешіру мүлдем басқаша екен. Әкем мен анамның арасындағы жанжалды көрдім, анамның айтқан сөздері бар, соның бәрі тау болып жиналып қалған. Кейін қарасам, бірге тұрып жүрген анама деген ренішім әкемнен көп екен. 

Ата-ананың жүрегіне ауыр соққы жасайтын бала екен. Баламды бағып отырған анама ренжіп, ұлымды алып кеткен күндерім болған. Өзімнің шешілмеген мәселелерімді мамама жауып, болмайтын дүниелерге бола өкпелеткенмін. Баламның да бойында маған деген, әкесіне деген өкпе-назы жетеді. Осыдан бір ай бұрын баламмен бір құжатқа қатысты келіспей қалдық. Ол жете түсінбейтін балалардың қатарынан емес. Жасы жиырма бесте болғанымен, ойы алпыстағы шалдікі сияқты. Мен оған түсіндіре алмаймын. Сөйтіп қатты нұқып айтып жібердім. Сонда ол: “Мама, мен тәрбиелейтін жастан өтіп кеттім. Кішкентай кезімде тәрбиелесең, қайда қалдың?” деп бала кезінде жанында болмағанымды бетіме басты. Мен қабылдадым, қазір ұлымнан жиі кешірім сұраймын. Ол да алғысын айтып тұрады”, – дейді Айгүл Иманбаева.