сейсенбі, 17 қыркүйек 2024
Спорт 7 11.12.2022 11:8

Алматыда титулды айқас алдында Жанқош Тұраров қауіпті қарсыласымен көз арбасу рәсімін өткізді

Фото: MOVIDA Promotions

Испаниядан келген боксшы Луис Энрике Ромеро мен жеңіліс дәмін татпаған отандасымыз Жанқош Тұраров салмақ өлшеуден сәтті өтіп, көз арбасу рәсімін жасады, деп хабарлайды Teznews.kz порталы MOVIDA Promotions-қа сілтеме жасап.

Боксшылар 11 желтоқсан күні «Almaty Arena» кешенінде бірінші жартылай орта салмақтағы IBO Intercontinental титулын сарапқа салады. Бұл жекпе-жек кештің басты айқасы болмақ. шығады. Басталуы 17:00-де. Ел спорты тарихында бірінші рет әйгілі DAZN платформасы аталмыш бокс кешін тікелей эфирде көрсетпек.

«Біз рингте жаңа тарих жасауға ниеттіміз, ертең  жеңіс үшін барымды саламын. Айқасқа сақадай саймын. Белбеуді елде алып қалу мақсатым. Айқасқа күні бұрын болжам жасамаймын, тек айтарым бұл рингте еркінсу жоқ,  ертең сіздерді жойқын жекпе-жек күтіп тұр. Қарсыласыма құрметімді білдіремін, оның уәде еткен тосын сыйы бар көрінеді. Менің де оған беретін сыбағам даяр. Рингтен тыс қонақ, айқас алаңында ол дұшпаным”, - деді Жанқош Тұраров баспасөз-жиынында.

 

Оның қарсыласы Луис Энрике де Қазақстанға тек жеңіс үшін келгендігін мәлімдеді. Оның сөзінше DAZN алаңында жекпе-жек өткізу әркімге бұйыра бермес мүмкіндік. Сондықтан да испаниялық боксшы Қазақстанда басты титулды айқасқа шығатындығын мақтан тұтамын деді. Ол Жанқошқа сәттілік тілеп, тосын сыйым жұдырығымда деп сөзін аяқтады.

Жанкүйер жұрт аталмыш бокс кешінде жеңіліс дәмін татпаған қазақстандық жас талант Елхан Табынбаев (5-0, 3 КО) пен бразилиялық Матэус Да Сильва (7-0, 3 КО) арасындағы WBC Intercontinental белбеуі үшін өтетін бәсекені тамашалай алады. Сонымен қатар біздің атышулы ару Ангелина Лукас (2-0, 1 KO) осы кеште танзаниялық мінезді қыз Лулу Каягемен (8-8-4, 2 КО) UBO чемпиондық титтулын сарапқа салады. Бұл бокс кешінің төрінде Әлихан Төленбаев (2-0, 1 КО) пен Адлан Сельмурзаев (4-0, 3 КО) секілді қылыштай жарқылдаған жастарымыз да өнерін көрсетеді.

Әркез жанкүйеріне шоу сыйлай білетін, “нокаут ханзадасы” атанған аралас жекпе-жектің хас шебері Арман Әшімов кәсіпқой рингтегі алғашқы айқасында грузиялық боксшы Бухити Татишвилимен осы күні  жұдырықтасады. Актер әрі ММА жұлдызы атанған Еркебұлан Тоқтар болса өз дебютінде ирандық спортшы Амир Яранимен күш сынаспақ. 

Аталмыш бокс кеші қазақстандық спортсүйер қауым үшін DAZN сайтында әрі мобильді қосымшасында қолжетімді болмақ. MOVIDA Promotions негізін қалаушы Алимжан Калдияровтың айтуынша DAZN платформасы осы бокс кеші арқылы Қазақстанға қатысты ұзақ мерзімді жоспарының алғашқы кезеңін бастап кетті. Болашақта беделді сервистің жұмыс аясы елімізде кеңеюі мүмкін. 

Бокс кеші 11 желтоқсан күні 17:00 де "Алматы Арена" кешенінде өтеді.