сенбі, 28 қыркүйек 2024
Жаңалықтар 7 07.06.2023 14:21

Елімізде бір тәулікте 4 адам суға батып кетті

Фото: foto-ram.ru

Бір тәулікте еліміздің 4 өңірінде қайғылы жағдай орын алды. Төтенше жағдайлар департаментінің ескертуіне қарамастан, суға түсуге барған төрт адам батып кеткен. 

Төтенше жағдайлар министрлігі дерегінше кеше Астана қаласында, Ақтөбе, Қарағанды және Ұлытау облыстарында төрт адам суға батып кеткен. Барлық жағдайда да рұқсат етілмеген жағалауларда шомылу себеп болып отыр. Құтқарушылар қанша ескерту жасалса да, азаматтардың елеусіз қалдыратынын айтып, дабыл қағуда. 

Кеше Қарағанды облысының су айдындарында адам өлімінің 2 жағдайы тіркелген. Бірі –  Федоров су қоймасында мәйіті табылған 2004 жылғы жігіт болса, екіншісі – куәгерлердің Жезқазған Кеңгір су қоймасынан денесін алып шыққан 2005 жылғы ер азамат. 

Сондай-ақ 6 маусым кешкі сағат 17: 46-да Астана қаласы  Есіл өзенінде, ТЖД күшімен Өзбекстан Республикасының азаматы, 1990 жылы туған ер адамның денесі судан шығарылды. Ол ағасымен бірге шомылуға барған. 

Ақтөбе облысы Қарғала өзенінде де судан 2004 және 2003 жылғы  ер адамдардың денелері шығарылған. 

Осыған орай министрлікте ел азаматтарын суға шомылу тәртібін қатаң сақтауға үндеп отыр.