сенбі, 28 қыркүйек 2024
Жаңалықтар 5 15.06.2023 18:29

Семей орманындағы өрттен қаза болғандар тізіміне Архипов ене ме?

Фото: ашық дереккөз

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Абай облысындағы өрт салдарынан қаза болғандардың тізіміне тракторшы Сергей Архиповты қосуға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Teznews.kz порталы ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер министрден Абай облысында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза болған 14 адамның қатарына Сергей Архиповты қосу мүмкіндігі туралы сұрақ қойды.

«Үкіметтік комиссия құрылды. Олар қор жағынан қандай әлеуметтік қолдау көрсетілетінін анықтайды. Оның (Сергей Архипов) қайтыс болғанын ескере отырып, асырауында қалған адамдар болса, онда мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы және сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер қарастырылады. Бұл қаражат міндетті түрде төленеді», - деді Т. Дүйсенова.

Оның айтуынша, оны қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқандар тізіміне енгізу мәселесін комиссия шешеді.

Сондай-ақ ол министрлік қазір «Семей орманындағы» жұмыс жағдайын тексеріп жатқанын айтты.

«Алғашқы күннен бастап біздің еңбек инспекциямыз сол жерде жүр. Атап айтқанда, бас еңбек инспекторы да аталған облыста еңбек ету жағдайын тексеріп жатыр», - деді Тамара Дүйсенова.