сенбі, 5 қазан 2024
Шоу-бизнес 33 11.07.2023 10:24

Бағлан Әбдірайымов екінші киносы туралы сұрақтарға жауап берді

nege.kz

Жуырда барлық кинотеатрларда көрсетілетін бұл фильм жайлы әңгіме көп. Біреулер «Кедейлер көрмей ме сонда?» деп кейістік танытса, енді біреулер атауынан-ақ комедияның иісін сезгендей.

Nege.kz фильм туралы продюсер Бағлан ӘБДІРАЙЫМОВТЫҢ өзінен сұрап көррді.

– Бағлан, тағы бір фильм түсіріпсіз. Атауы неге «Басқа вариант жоқ»?

– Күнделікті тіршілікте тығырыққа тіреліп,  мәселенің шешімін табуға тырысатын жол іздегенде «басқа варинат жоқ» деп белгілі бір тоқтамға келеміз ғой. Сол себепті жаңа фильмді осылай атауды жөн көрдім.

– Ел арасында «Бағлан бірінші фильмінен соң әбден шығынға батты, екінші фильмі арқылы шығынын өндіру үшін осылай атады» дейтіндер бар...

– Оны да жоққа шығармаймын. Себебі, өмірдің өзі кезекті киноға сценарий жазып берген секілді.

Дегенмен де алғашқы киномда қарызға белшеден баттым дей алмаймын.

Инвестордан алған қаражатты қайтардым, бірақ өз қалтамнан шыққан шығынды өтей алмадым.

– Бұл жолы танымал актерлерден кімдерді тарттыңыз?

– Аға буын өкілдерінен Тұңғышбай ЖАМАНҚҰЛОВ пен Қуандық ШӘКІРЖАНОВ ағамыз және Азиз БЕЙШЕНӘЛИЕВОлжас АБАЙ (Очоу) төбе көрсетеді. Ал өзім эпизодтық рөлде ойнаймын. 

– Қайсысының гонорары қымбатқа түсті?

– Шынымды айтсам, қажетті қаражатты тауып бердім. Бірақ, есеп-қисап жағын бухгалтер өзі түгендеді. Сондықтан кімнің қанша гонорар сұрағанын нақты айта алмаймнын.

– Киноның ерекшелігі неде?

– Мұнда ойдан шығарылған образ жоқ, әр кейіпкер өзін ойнайды.

– Саундрегін өзіңіз орындадыңыз ба?

– Иә, бұл жолы бұрын-соңды айтып көрмеген рок стилінде ән шырқадым. Очоу да фильмді әнмен әрледі.

– Жұлдызай ДҮЙСЕНБИЕВА «киносына түсірмеді» деп сізге өкпелеп жүр еді. Рөл бұйырды ма?

– Жоқ, Жұлдызай әпкем түспеді. Бірақ кастинге шақырдық. Өзі де кино түсіріп жүргендіктен уақыты тығыз болды ма, келе алмады.

– «Фильмді түсіру барысында шашыма ақ түсті» депсіз. Себебі неде?

– Екінші фильм ғой, біраз жиған тәжірибем болды. Сондықтан ұстамды болуға тырыстым. Басты қиындық әлбетте қаражатқа келіп тірелді. Себебі алғашқы уәделескен инвесторым бас тартты. Бірақ шегінерге жол жоқ, қолға алған істі қалайда жандандыруға тырыстым. 

– Сіздің  «Бай-бағландар, киноға келіңіздер!» дегеніңізге орай, «кедейлерге орын жоқ па?» деп кейістік танытып жатқандар бар көрінеді...

– Әрине, әзіл сөздің астарын түсінбеген кейбір жандар менің осы сөзіме бола реніш танытып жатыр екен. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген ғой, әр қазақ бай болса, оның несі жаман?

Мысалы, біз көкпарға қатысып жүрген жылдары ащы суға үнемі сылқия тойып алған бір адам келіп қатысатын. Елдің барлығы одан мазамды алады деп ат-тонын ала қашқанда, тек  бір досымыз ғана: «О, молдеке, қалайсыз?», – деп құшақ жая қарсы алатын.

Әлгі көкпаршы көп ұзамай арағын қойып, молда болып шыға келді. Осыған қарап сөздің киесі бар ма деймін. Сондықтан әрдайым жақсы сөйлеуге тырысамын.

Бірақ бай болу деген менің ұғымымда материалдық жағдаймен ғана шектелмейді. Мен үшін өмірден алған ілімі мен білімі, бала-шағасы бар, ағайын-туысы аман жан бай адам саналады. Сол барымыз бүтін болсын!

– Жеке шығармашылыққа ден қойғаныңызға қарағанда «Жігіттерден» алшақтап кетуіңіз мүмкін сияқты ғой?

– Мен үшін «Жігіттер» тобының орыны әрдайым бөлек әрі биік тұрады. Барған жерімізде де тыңдарман бізді жеке елестете алмайтынын айтып жатады.

Мінеки, сахнада жүргенімізге биыл жиырма жылдың жүзі болыпты. Сондықтан бөлек кету деген тіпті ойыма да келмепті. Қысқасын айтқанда, басқа вариант жоқ...