сенбі, 5 қазан 2024
Шоу-бизнес 16 11.07.2023 18:7

"Көп қаражат керек екен": "Жігіттер" квартеті қалай құрылды?

Фото: Otyrar.kz

"Жігіттер" квартетінің продюсері Ерғали Әбдірайымов топ туралы жаңа ақпарат айтты, деп хабарлайды Teznews.kz порталы Nur.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұл туралы продюсер Jibek Joly TV арнасындағы "Жақсы адамдарым" бағдарламасында айтқан.

Ерғали Әбдірайымовтың айтуынша, бұрын "Жігіттер" квартетіне көрсеткен адалдығының арқасында бүгінде олар танымал.

"Өмірде біздің ойлағанымыз болмайды, Алланың қалауы болады. Мен негізі заң саласын бітіргенмін. Бірақ дегенменен қазір өзім ойланып отырмын, 20 жыл деген бір адамның ғұмыры ғой, 20 жыл деген аз уақыт емес. Осы 20 жылдың арасында өнердің ортасында жүргеннен кейін жинаған тәжірибем болсын, кішігірім әйтеуір елдің алдында авторитетіміз болсын, осының бәрін қарап отырсам қазір, сол кездегі "Жігіттерге" көрсеткен адалдығымнан деп ойлаймын", - деді Ерғали Әбдірайымов.

Сондай-ақ Ерғали Әбдірайымовтың сөзінше, "Жігіттер" квартетінің өнер жолы басталғанда Ерғалимен бірге тағы бір азамат жұмыс істеген. Бірақ қаражат мәселесі туындаған кезде ол кешірім сұрап, квартетті толық продюсерге тапсырып кеткен.

"Жігіттердің" ең алғаш құрылған кезінде менде "Жігіттерді" құрып, осылардан топ жасайын, ақша жасайын деген сияқты мақсат болған жоқ. Бірінші мақсат менде "Жігіттер" құрылып, осы Алматыға келгеннен кейін осыларға қол ұшын береміз деген мақсат болды. Жанымда сол кезде бірге бір жігіт болған, ол жарты жылдан кейін "Ерғали, мені кешір, бұл жерде көптеген қаражат керек екен" деді. Бұлардың тағы пысықтығын айтсаңызшы! Шымкентте грантта оқып жатқан университеттерінен Алматыға алып келіп түсірдік қой ақылы оқуға. Ол ақылы оқуға олардың жататын жері, ішетін асы, бәрі кіреді ғой. Сол кезде мәселе қаражатқа келіп тірелгенде ол жігіт: "мен енді осы жерге дейін жұмыс істеп келдім. Әрі қарай істей алмаймын. Кешірім өтінемін" деді", - деп әңгімеледі "Жігіттер" квартетінің продюсері.

Отандық әншілердің продюсері болған оқиғадан кейін квартетті өзі арқалауға тура келгенін айтты. Бүгінде "Жігіттер" квартетімен жұмыс істеп келе жатқанына 20 жыл толған.

"Енді ол жерде автоматты түрде менің мойныма ілінді. Мен бұлардың әке-шешесіне қалай қараймын? Сөз бердім ғой осыларға қолдау көрсетемін, қолымнан келгенше осыларды өнерге баулимын деп. Соны мойныма іліп алдым да осы жігіттерді қалай болғанда да өнер майталмандарының қатарына қосуды мақсат еттім. Енді сол мақсат адалынан болғаннан кейін, Алланың маған берген сыйы шығар, қазір міне, 20 жылдың көлемінде "Жігіттермен" біте қайнасып, өздеріңізбен қатарласып, мәдениет саласында жүрміз. Меніңше, ең бірінші - бұл өнерге, жігіттерге деген адалдықтан. Ол мойынға ілінген жүк болғаннан кейін сол жүкті мен арқалап келе жатырмын. Құдайға шүкір, соның арқасы деп ойлаймын", - деп түйіндеді сөзін ол.