сенбі, 5 қазан 2024
Шоу-бизнес 6 19.07.2023 13:49

"Ешқандай қазақ келінге айырбастамаймын": Бүркіттің анасы келінін жер-көкке сыйғызбай мақтады

Фото: stan.kz

Белгілі әнші Бүркіттің анасы Айша Көпжасарова келінімен мақтанды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Айбек Жансейітов күні кеше жақындарының басын қосып,туған күнін атап өтті.

“Туған күнімді міне, осылай, үйде әке-шешемізбен дастархан басында тыныш отырып, таза ауада атап өттік. Әңгімеден әңгіме... Биылғы туған күн осылай болды. Құттықтап жатқан барлық достарыма үлкен рахмет”, – деп жазба қалдырды әнші.

Бүркіт әлеуметтік желідегі парақшасына анасының дастархан басында отырып айтқан тілегін жариялады. Танымал ақын Айша Көпжасарова келіні Аишаны жер-көкке сыйғызбай мақтады.

“Келініме рахмет, осы келінді тапқан Айбегіме рахмет айтамын. Мінезі жақсы, жайдары, ешқандай қазақ келінге айырбастамаймын. Бір-біріңді тапқан екенсіңдер, қара домалақ балаларың бар. Жақсы үйде тәрбиелеген бала ешқашан жаман болмайды. Басқа балаларымыз да жаман емес. Жаман қылықтары жоқ, тәртіпті, ұяң, ақылды. “Мақтанып кетті” демеңіздер. Мен жақсы болған соң айтып отырмын. Жаман болса, төмен қарап, ұялып отырар едім. Риза болған соң айтамын”, – дейді Бүркіттің анасы.

Желі қолданушылары да келінін сыйлаған енеге сүйсінді.

“Келінін мақтап отыр, жақсы адам екен”, “Үлкен кісінің батасын алған қандай керемет”, “Неткен мейірімді, дана әйел”, “Анадан осындай мақтау естіген қандай жақсы”, “Ұрпағыңызбен ғұмырлы болыңыз”, – деп жарыса жазды желідегілер.