сенбі, 5 қазан 2024
Шоу-бизнес 10 25.07.2023 15:32

Ләйлә Сұлтанқызы не үшін анасынан ұялғанын айтты

Фото: Stan.kz

Белгілі тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы қиын-қыстау кезеңдерде ата-анасының базарда жұмыс істегенін айтып, көз жасына ерік берді. 

“90-жылдар… Әлі есімде. Әке-шешеміз бізді асыраймыз деп, күн демей, түн демей базарда жүретін. Ала дорбаны көрсем сол балалық шағым есіме түседі. Қатты ыңғайсызданатынмын әжем мен анам үшін. Қазір ойласам, біздің қамымыз үшін бәрін жасапты ғой. Бізді жеткізген, өсірген ата-анамыздың маңдай тері”, – деп жазды тележүргізуші.

Ләйлә Сұлтанқызы сол кездері ала дорба арқалаған әжесі мен анасынан ұялғанын да жасырмады.

“Біздің жасты шағымыз 90-жылдарға сәйкес келді, ең қиын кезең. Сол кезде ата-аналарымыз балаларын оқытамыз деп қиналып, қандай жұмыс бар, барлығын істеді. Шемішке, құрт, нан сатты, пошташы болып жұмыс істеді. Баламын ғой, түсінбеймін, ұялатынмын: “Әже, мен жүретін жерде сатпаңызшы” дейтінмін. Қазір ойласам, сол кісілердің арқасында білімді болдық, білім алдық”, – дейді Ләйлә Сұлтанқызы.

Тележүргізушінің анасы нан сатып ақша тапқан кезін еске алды.

“Базарда ешкім ешкімді танымайды, сата береді. Азанда жұмысқа кетерде қамыр ашытып кетемін, түсте келіп жабамын. Бір баланы жіберемін. Сағат 5-6 шамасында өзім кетемін. Ләйләдан кейінгі бала қалған нанды өзі жауып алатын. Үйде әкесі, әжесі болатын. Бүкіл ауыл болып, көршілермен базарға шықтық. Содан түнгі 10-11 шамасында үйге қайтатынбыз”, – дейді Ләйлә Сұлтанқызының анасы.