сәрсенбі, 25 қыркүйек 2024
Жаңалықтар 12 23.08.2023 16:24

Сара Тоқтамысова айтыстан темір тұлпар жеңіп алды

Фото: ғаламтордан

Ақын Сара Тоқтамысова Шығыс Қазақстанда өткен аламан айтыста су жаңа автокөлік ұтып алды, деп хабарлайды teznews.kz порталы stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Айтыскер қуанышы жаңалығымен бөлісіп, желідегі оқырманынан сүйінші сұрады. 

“Сүйінші! Араға 3 жыл салып айтысқа шықтым. Бүгінгі айтыстың бас бәйгесі бұйырды. Аллаға мадақ. Шығыстың Таскескен дейтін аядай ғана жерінде атағы жер жаратын дүбірлі думан боп жатыр. От ауыз, орақ тілді ақындардың бас қосқан күні болды. Қарсыласым Мұхтар Ниязбен шықтым. Әзілі де, әңгімесі де, өнері де, өлеңі де бөлек ақын ғой. Мәртебемді аспандатып тастады. Рахмет досым”, – деп жазды Сара Тоқтамысова.

Белгілі ақын Балғынбек Имашев та айтыстан құр қол қайтпаған. Айтыскерге де бір көлік бұйырыпты. Жүлдеден бөлек ақындарға қосымша 1 миллион теңгеден берілген. 

Желі қолданушылары мен ақынның өнердегі әріптестері қуанышына ортақтасып, жылы лебізін білдірді.

“Игілігіңе мін”, “Құтты болсын, Сара қарындасым, бұл алдағы жеңістердің, көліктердің бастамасы болсын”, “Абыройың арта берсін! Аллам тіл-көзден сақтасын”, “Сара қыз, дара қыз, құтты болсын”, “Берекелі болсын, әпке”, – деп жарыса жазды желідегілер.