сәрсенбі, 25 қыркүйек 2024
Жаңалықтар 5 28.08.2023 16:59

Алматыда көлік аялдамадағы бірнеше адамды қағып кетті

Фото: inbusiness.kz

28 тамыз түскі сағат 12.00-де Абылай хан мен Райымбек көшелерінің қиылысында жеңіл көлік аялдамаға соғылды. Жол апаты салдарынан 7 адам зардап шекті, деп хабарлайды Teznews.kz порталы inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.

"Бес зардап шегуші түрлі дене жарақатымен Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына жеткізілді. Тексеруден кейін үшеуі амбулаторлық емдеуге жіберілді. Бір науқаста сол жақ сан сүйегінің жабық сынығы, сол жақ тобығының жабық сынығы анықталса, екінші науқасқа мидың шайқалуы, сол жақ жіліншіктің ығысқан жабық сынығы диагнозы қойылды. Екі науқас та травматология бөлімшесіне жатқызылды", – деп хабарлады Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы. 

Екі жасөспірім Алматы қаласы Балалар шұғыл көмек көрсету орталығына жеткізілді. Барлық жүргізілген тексерудің нәтижесі бойынша екі бала да нейрохирургиялық бөлімшеге жатқызылды. 

"15 жастағы балаға жабық бас-сүйек ми жарақаты, мидың шайқалуы, жұмсақ тіндердің зақымдалуы диагнозы қойылды. 16 жастағы екінші балада аралас жарақаттар, жабық бас-сүйек миының жарақаты, мидың шайқалуы, оң жақ жіліншіктің жабық сынуы анықталды", – деп хабарлады басқармада.