сәрсенбі, 25 қыркүйек 2024
Жаңалықтар 12 13.09.2023 10:35

Ақтөбе облысындағы ауылда 5-8 сынып оқушылары бір кабинетте оқиды

Көрнекі фото: azh.kz

Ақтөбенің Байғанин ауданы Ақтан жырау негізгі мектебінде төрт сыныптың оқушылары бірге оқып жүр. Бұл білім ордасындағы 22 оқушы небары үш сыныпқа шақ келеді, деп хабарлайды Teznews.kz порталы ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Байғанин ауданының орталығынан шалғай жатқан Қопа ауылында Ақтан жырау негізгі мектебі бар.

Онда қазір 22 оқушы білім алып жүр.

«Балалардың үшін қиын кез. 5-8 сынып оқушылары бір сынып ішінде отырады. Оларға 45 минутта төрт түрлі тақырып түсіндірілуі тиіс. Мұғалім қанша жерден мықты болса да ол мүмкін емес нәрсе. Шынымды айтсам, балалардың болашағына алаңдаймын. Бұл жайттан әкімдік те, білім бөлімі де хабардар деп ойлаймын. Әлем дамып, еліміздегі кейбір мектептер үш тілде сабақ өткізеді. Біздің балалар бәрі бір жерде отырып, сабақ оқуға мәжбүр»,- деді аты-жөнін атаудан бас тартқан ауыл тұрғыны.

Негізгі мектептегі бұл жайттан облыстық білім басқармасы хабардар. Тіпті мұндай мектеп облыстағы барлық ауданда бар деп отыр.

«Бастауыш мектеп бес оқушыдан басталуы керек. Ал негізгі мектепте 41 оқушы, орта мектепте 81 оқушыдан аз болмауы тиіс. Бұл мектепте 22 оқушы болса да толығымен негізгі мектеп болып отыр. Қазір үш класс қана бар. Бұл қолданыстағы заңнамаға сай. 1-4 сынып, 5-8 сынып оқушылары біріктіріледі және 9-сынып өз алдына бөлек оқиды. Яғни, барлығы үш сыныпқа біріктірілген. Бізде ондай 204 мектеп бар. Онда 14 мыңға жуық бала оқиды. Бізде 5 баладан басталатын мектептер де бар»,- деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.

Оның айтуынша, жоғары оқу орындары бұған дейін қос пәннің дипломын берген.

Ал ондай мүмкіндік болмаған кезде ауыл мектептерінің мұғалімдері арнайы біліктілігін арттырған.

«Ауыл үшін ең басты ол - мектеп. Мектеп болмаса ауылды ұстап тұру мүмкін емес. Сондықтан 5 бала болсын, 10 бала болсын мектепті жаппай отырмыз. Биыл Мәртөк ауданында 1 мектеп жабылды. Онда 5 бала оқыды. Оқу жылының басында екі бала қоныс аударып, 3 бала қалған еді. Сондықтан жабылып, үш бала аудан орталығындағы интернатқа ауыстырылды. Ақтөбенің барлық ауданында 5 бала оқитын мектеп бар десем де болады»,- деді Нұргүл Бертілеуова.