сейсенбі, 24 қыркүйек 2024
28 12.10.2023 18:47

Танымал актер 6,5 жылға бас бостандығынан айырылды

Асқар Жұмабеков

№2 Бостандық ауданының соты актер Асқар Жұмабековті 6,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, деп хабарлайды teznews тілшісі.

Көпшіліктің сүйікті актеры атанған Асқар Жұмабеков темірторға тоғытылды. Былтыр 28 желтоқсанда Алматыдағы караоке-барлардың бірінде қонақтар мен мекеме қызметкерлері арасында жанжал болып, арты төбелеске ұласқан. Жұдырық ала жүгірген топтың ішінде сотталушы Асқар Жұмабеков те болған.

Караоке-бардың күзетшілері мен ди-джейі, сондай-ақ барда болған олардың таныстары жәбірленушілерді ұра бастаған, олар қашуға мәжбүр болған.

Алайда сотталушылар оларды көшеде қуып жетіп, төбелесті жалғастырған. Соққы салдарынан зардап шеккен бес адамның екеуінің
денсаулығына ауыр және орташа дәрежедегі зиян келтірілген. Олардың мұрны сынған, миы шайқалып, бас жарақатын алған.

Сотталушыларға Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3- бөлігі "бұзақылық", Қылмыстық кодекстің 106-бабы 2- бөлігі және 107-бабы 2-бөлігі "денсаулыққа қасақана ауыр және орташа зиян келтіру" бойынша айып тағылды.

"Сотталушылардың кінәсі куәгерлер мен жәбірленушілердің айғақтарымен, сот-медициналық сараптама қорытындысымен, бейнебақылау камераларының жазбаларымен расталады", делінген хабарламада.

Сонымен қатар Асқар Жұмабековтің бұған дейін де адам ұрып-соққаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды.

Еске сала кетейік, Асқар Жұмабеков "Ақжауын" телехикаясында Жасын рөлін сомдаған.