сейсенбі, 24 қыркүйек 2024
5 14.10.2023 11:20

Министр 18 айда қазақ тілін үйренуге уәде етті

baiterek.gov.kz

Индустрия және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев журналистерге қазақша жауап беруге уәде етті, деп хабарлайды Teznews.kz ақпараттық порталы.

 

Министр шетелде көп жүргенін, бірақ тілді үйренуге тырысып жатқан адамға қатысты мұндай наразылыққа алғаш рет тап болып отырғанын да жеткізді

Астанадағы кезекті брифингте журналистер өнеркәсіп және құрылыс министріне өз наразылығын ашық айтты.

Қазақ тілінде ақпарат тарататын тілшілер билік басындағылардың орысша сөйлеген сөзін аударып, екі жұмыс істеуге мәжбүр екенін айтқан болатын. Брифинг барысында министр Шарлапаев қазақ тілінде жауап берудің орнына ресми тілде сөйлеген. Арасында қазақша да сөйледі. Бірақ тілшілер мемлекеттік тілде мардымды жауап алмады.

Журналистер шенеунікке ескерту жасап, мемлекеттік тілде нақты жауап беруді талап етті. 

Қанат Шарлапаев қазақ тілін үйреніп, сол тілде сөйлеуге тырысып жатқанын айтты. Сондай-ақ, тіл мәселесі ол үшін өте күрделі екенін атап өтті. Кейбір әріптестеріне қарағанда қазақ тілінде сөйлеуге тырысып жүргенін де жасырмады.

Сондай-ақ, министр қазақ тілін 18 айда меңгеріп шығатынына уәде берді.

"Мен бір жарым жылдың ішіде өз ойымды жеткізе алатын деңгейге жеттім. Иә, сіздікіндей сөздік қорым жоқ. Бірақ мен тырысып жатырмын ғой. Басқа әріптестеріме қарағанда, сәл де болса көбірек жетістігім бар. Алайда "қанша тырыссаң да, біз бәрібір саған негативпен қараймыз" деген көзқарастың болғаны дұрыс емес. Шетелге барып, қытайша екі сөз, жапон тілінде үш сөз немесе ағылшынша төрт сөз айтсаңыз, сізге үлкен құрметпен қарайды. Мен жалғыз осы елде ғана осындай негативке тап болып отырмын", - деді Шарлапаев.