сейсенбі, 24 қыркүйек 2024
Жаңалықтар 11 19.10.2023 18:42

“Бірнеше қыз баланы зорлады”. Түркістанда балабақша күзетшісі күдікке ілінді

Түркістан облысында балабақша күзетшісі бірнеше қыз баланы зорлаған деген күдікке ілініп отыр, деп хабарлайды Teznews.kz ақпараттық порталы Отырар телеарнасына сілтеме жасап.

Түркістан облысы Отырар ауданындағы балабақшалардың бірінде балабақша күзетшісі бастауыш сыныпта оқитын бірнеше қызды зорлады деген күдікке ілінгені белгілі болды.

Жаға ұстатарлық сұмдық жағдай жаз мезгілінде болған. Тексеруге сәйкес зорлық көрген қыздардың үлкені 7 жаста.

Жәбір көрген бүлдіршендердің бірінің анасы бұл оқиға туралы 17 қазан күні түскі уақытта хабардар болған. Қызын дереу дәрігерге көрсетіп, кейін полицияға шағым түсірген.

Қазір 33 жастағы күдікті әрі көрші, әрі ағайыны болып келеді екен.

«Ауруханаға барып, тексерттім. Алдымен расымен сондай жағдай болды ма? Көз жеткізіп алайын дедім. Бәрі айдан анық көрініп тұр. Тек мен емес, бірнеше қызды зорлағаны анық… Менің қызым 7 жаста»,-деді жәбірленуші қыздардың бірінің анасы.

Түркістан облыстық Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденовтің мәліметінше, қазіргі таңда екі тұрғын арыз жазған. Соған сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

«Арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Қылмыстық кодекстің 120-бабы 4-бөлігі «зорлау» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлық мән-жайды анықтау үшін қажетті іс-шаралардың барлығы жүргізілуде. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қылмыс жасады деген күдікпен Отырар ауданының тұрғынын ұстап, бірден қамауға алдық. Ер адам өз кінәсін мойындады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда. Тиісті сараптамалардың барлығы тағайындалған» деп жазды желі парақшасында ПД бастығы.