дүйсенбі, 23 қыркүйек 2024
1 27.10.2023 16:3

Ақтауда қандаланы улағаннан кейін тағы 5 адам зардап шекті

Ақтауда қандаланы улау жұмыстарынан кейін зардап шеккендер қатары көбеюде, деп хабарлайды Teznews.kz ақпараттық порталы.

Ақтауда пәтерді қандаладан улау әрекеттерінен соң тағы екі ересек пен үш бала ауруханаға жеткізілді.

Бұл жағдай туралы Маңғыстау облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау және денсаулық сақтау басқармасы түсініктеме берді. 

Басқарма басшысы Әсима Жарылғасова пәтерді залалсыздандыру жұмыстары күкірт түтінімен жүргізілгенін айтады. Оны бұл пәтер иесі қаладағы 22-ші шағын аудандағы базардан сатып алған екен.

“Сағат 21: 20-да бізге 3а шағын ауданындағы пәтерді қандаладан улау туралы хабарлама келіп түсті. Біздің мамандар оқиға орнына барды. Залалсыздандыру үшін қандай препарат қолданғанын білдік. Барлық көршілерге ескертіп, қала әкімінің көмегімен адамдарды эвакуациялау шарасын ұйымдастырдық. Бірақ көрші пәтерлерде тұратын азаматтар кетуден бас тартты. Оларға барлық салдары туралы ескертілді. Оқиға орнында ТЖМ мен полиция қызметкерлері де болды. Жұмыс дер кезінде жүргізіліп, улану себептері жойылды. Бес адам ауруханаға медициналық көмекке жүгініп, амбулаторлық емдеуге жіберілді", — дейді Әсима Жарылғасова.

Ауруханаға жеткізілген жәбірленушілердің қазір жағдайы жақсы.

“Екі адам облыстық аурухананың қабылдау бөліміне жеткізілді. Оларға амбулаторлық ем көрсетіліп, үйлеріне жіберілді”, – деп хабарлады Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасының баспасөз қызметі.