жексенбі, 22 қыркүйек 2024
Жаңалықтар 21 18.11.2023 18:25

Ақтөбеде апалы-сіңілі қыздар жоғалып кетті

Ақтөбе облысында апалы-сіңілі қыздар жоғалып кетті, деп хабарлайды Teznews.kz ақпараттық порталы KAZ.NUR.KZ тілшісіне сілтеме жасап.

Ақтөбе облысының тұрғыны қос қызына іздеу салған. Қобда ауданында тұратын келіншек кеше кешкілік үйден шыққан мектеп оқушылары іс-түссіз жоғалып кеткенін хабарлаған.

Бесқұдық ауылында тұратын 13-14 жастағы апалы-сіңлілі қыздар үйінен кешкі сағат 16:00 шамасында шығып, қайта оралмаған. Кәмелет жасқа толмағандарды іздеуге Ақтөбе облысы ПД жеке құрамы және Zello Poisk еріктілері жұмылдырылды.

"Іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Полиция департаментінен 12 адам, Қобда полиция бөлімінің 15 қызметкері іздестіруге жұмылдырылды. Барлық аудандық полиция бөлімдеріне хабарламалар таратылды", - деп хабарлап отыр облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Жоғалған қыздардың бірі үйден шыққанда басында қоңыр түсті орамал тағып, қоңыр күрте, аяғында қара түсті етік киген. Ерекше белгілері - шашы ұзын қара түсті, бойы шамамен 168-170 см, дене бітімі арық.

Ал сіңілісі сұр түсті күрте, аяғында қара түсті етік киген. Ерекше белгілері шашы қоңыр, бойы шамамен 160-173 см, арық денелі. Екеуінің де қолында рюкзак бар.