жексенбі, 22 қыркүйек 2024
Жаңалықтар 10 26.11.2023 9:48

Зорлық-зомбылыққа қарсы акция басталды

25 қараша - зорлық – зомбылыққа қарсы күн. Осыған орай елімізде “Зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділіктің 16 күні” акциясы басталды, деп хабарлайды Teznews.kz ақпараттық порталы Polisia.kz-ке сілтеп.

Акцияның мақсаты – әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, болдырмау және жолын кесу, ана мен баланы, олардың өмірін қорғау, сондай-ақ отбасылық құндылықтарды насихаттау.

Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық түрін жою аясында Ішкі істер министрлігі 25 қарашадан 10 желтоқсанға дейін мүдделі мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың өкілдерін, барша халықты  “Зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділіктің 16 күні” акциясын өткізуге шақырады.

"Құрметті азаматтар! Егер сіз отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болсаңыз немесе осындай жағдай туралы білсеңіз, оны жасырудың қажеті жоқ. Полицияның 102 жедел арнасы үнемі жұмыс істейді. Одан бөлек елімізде жақында ғана іске қосылған 111 тегін сенім телефоны бар, оған қоңырау шалып, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету бағдарламалары туралы кеңес алуға болады. Әрбір шақыру бойынша полиция қызметкерлері жедел түрде сол жерге келіп, кінәлі адамдарды жауапқа тарту үшін заңда көзделген барлық шараларды қабылдайды", – деді ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақмарал Серікбаева.