сенбі, 21 қыркүйек 2024
Жаңалықтар 13 08.12.2023 21:38

«Қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілігінің қауіпсіздігі» мамандығының студенттері мен оқытушылары «АзияАгроФуд» АҚ-да өндірістік экскурсияда

Студенттер мен оқытушылар өндірістік практикаға барды, деп хабарлайды Teznews.kz ақпараттық порталы.

«АзияАгрофуд» АҚ — Қазақстанда сироп, құрама жем және нан пісіру ұнын өндіру саласындағы еліміздегі көшбасшы өндіріс орны болып саналады. 

Кәсіпорынның негізгі қызметі бидай дәнін ұнға және жүгері дәнін глюкоза- мальтоза сироптарына өңдеу болып табылады, сондай-ақ құрама жемнің барлық түрлерінің өндірісі бар. Компания өнімдері отандық нарықпен қоса жақын және алыс шет елдерге де белгілі. Кәсіпорынның құрамында сыйымдылығы 15,2 мың тонна элеватор, ұн тарту зауыты, крахмал диірмені, құрама жем зауыты бар. Барлық цехтар мен өндірістер Германия, Швейцария, Италия және АҚШ-та өндірілген ең жаңа, өнімділігі жоғары жабдықтармен жабдықталған. Қызметкерлермен жасалатын өндірістік қарым-қатынас жұмыс беруші мен қызметкерлер арасындағы ұжымдық шартқа негізделген. Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарымен қоса ҚР Еңбек кодексінде көзделген барлық талаптардың сақталуы қамтамасыз етіледі. Акционерлік қоғамның қызметкерлерінің толыққанды әрі өнімді еңбек етуіне қолайлы  жағдай жасалған. Бірінші, екінші, үшінші ауысым жұмыскерлерін ыстық тамақпен қамтамасыз ету ұйымдастырылған асхана, жоғарғы санатты дәрігерлер қызмет көрсететін медициналық-санитариялық бөлім, кір жуу, жұмыскерлердің ауысымнан кейінгі жуыну орындары жұмыс істейді. Түрлі саладағы мамандарды еңбек қауіпсіздігі талаптары бойынша оқыту мен олардың біліктілігін  арттыру жүйелі түрде  жүргізіледі. Оқыту аяқталғаннан кейін, біліктілігі арттырылған мамандар, арнайы емтихан тапсыру арқылы, жұмысқа рұқсат куәлігін алады. 

Студенттерге арналған өндірістік экскурсиялар кәсіби дағдылар туралы түсінік қалыптастыруға, кәсіби қызметке деген қызығушылықты дамытуға, кәсіби өсудің өзіндік мүмкіндіктері мен перспективаларын түсінуге және бағалауға, болашақ мамандықты таңдаудың маңыздылығын түсінуге мүмкіндік береді. Сол себепті, болашақ мамандарды «АзияАгроФуд» АҚ-на  болашақ жұмыс орындарымен таныстыру мақсатында өндірістік экскурсия жасадық. 

«Қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілігі» мамандығының студенттерін болашақта жұмыс жолында жетістіктерге жетуге құлшыныстарын ояту мен университеттегі алған теориялық білімдерін, тәжірибемен ұштастыру мақсатында «АзияАгроФуд» АҚ-на бір күндік экскурсия жасай отырып, өндірістің жұмыс барысымен ҚазҰУ-нің түлегі «Қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілігінің қауіпсіздігі» мамандығы бойынша бакалавриат, “Өнеркәсіптегі кешенді қауіпсіздік аудиті және басқару” мамандығы бойынша магистратураны үздік аяқтаған, осы аталған “АзияАгроФуд” АҚ-ның  білікті маманы ЕҚжЕҚ, ҚОҚ және оқыту инженері Қалманбай Нұрболат таныстырды. Студенттерге өндірістің барлық жүріп жатқан үдірісін көрсете отырып, ондағы техника қауіпсіздік ережесін қалай сақтау керектігін, жұмыскерлердің техника қауіпсіздігі ережесін бұзғанда қалай жазаланатынын, қандай айыппұлдар салынатынын айтып өтті, сонымен бірге студенттерге, өндіріс орындарында міндетті түрде жүргізілетін нұсқаулық түрлерімен таныстырды. Студенттерді, яғни болашақ мамандарды өндіріс орындарымен таныстырудағы басты мақсатымыз,  болашақ жұмыс орындарымен таныстыру арқылы өз мамандықтарына деген құлшынысын арттырады деген сенімдеміз.