Ғаділбек Жаңай ең үлкен өкініші туралы айтты
Ғаділбек Жаңай ең үлкен өкінішін айтты, деп хабарлайды Teznews.kz ақпараттық порталы.
Әнші Айдос Ербосынұлына берген сұхбатында анасынан айырылғаны туралы айтты.
"Ауыл жақтан суық хабар келетінін сезіп жүрдім. Құдай сездіреді екен. Шешем дүниеден өтерін маған сездірді. 2007 жыл. Алматыда пәтер жалдап тұрамын. Ұйқыдан өте жаман күйде ояндым. Еш жерім ауырып жатқан жоқ. Бір кезде "қазір телефонға біреу қоңырау шалады. Ол адам жаман хабар айтады" деген ой сап ете қалды. Шынында солай болды. Ауылдан немере ағам хабарласып жатыр. Бір соққанда алмадым. Өзімнің ойыммен арпалысып жатырмын. Екінші рет хабарласқанда тұтқаны көтердім. Дауысы бәрі бұрынғы, аман-саулық сұрастық. Бір кезде "анаң сырқаттанып жатыр, ауылға кеп қайт" деді. Содан кейін бәрі түсінікті болды.
Ауылға кірген сәтім ғана есімде. Сайдан шыққаннан кейін біздің үй көрінеді. Жанына киіз үй тігіп қойыпты. Мамыр айында ешкім киіз үйде отырмайды. Жазға қарай тігетін. Сол кезде ғана анамнан айырылғанымды түсіндім. Анамды жер қойнына тапсырғанда да ештеңені сезінбедім. Бір аптадан кейін ғана бүкіл эмоциям шықты. Шешеден айырылу өте қиын екен, - деді әнші Ғаділбек Жаңай.