сенбі, 5 қазан 2024
Жаңалықтар 8 05.01.2023 12:11

Жамбыл облысында бірнеше адам 19 жастағы жігітті аяусыз өлтірді

Фото: Bugin.kz

Жамбыл облысы Меркі ауданында бірнеше адам 19 жастағы жігітті аяусыз өлтірді, деп хабарлайды Teznews.kz порталы.

Бұл туралы марқұмның бауыры Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасына жазған.

«30 желтоқсанда Жамбыл облысы Меркі ауданында менің туған ағам Әміров Алмасты 19 жерінен пышақтап, жарақатынан қаза тапты. Іс жүзінде 3 күдікті ұсталды. Қазіргі уақытта олардың екеуі бізге белгісіз себептермен босатылды. Құқық қорғау органдары істі толығымен бақылауға алып, нақты кінәлілерді әділдікпен анықтауды сұраймын. Жазықтылар ҚР қылмыстық кодексіне сәйкес қатаң жазаға тартылсын» делінген жазбада.

Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі "Адам өлтіру" бойынша тергеп-тексеру амалдары жүріп жатқанын мәлімдеді. 

«2022 жылғы 31 желтоқсанда сағат 01:30-да Меркі ауданының орталық ауруханасына әртүрлі дене жарақаттары бар 19 жастағы азаматтың мәйіті жеткізілгені туралы хабарлама келіп түсті. Осы факті бойынша ҚР қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігі (кісі өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Барлық қажетті сараптамалар тағайындалды» делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта 17 жастағы күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Істің егжей-тегжейлі мән-жайын анықтау үшін жедел-тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.