жексенбі, 6 қазан 2024
Білім 11 12.01.2023 14:46

2023 жылы ҰБТ қалай өтеді?

Фото: halyq-uni.kz

Ұлттық тестілеу орталығы 2023 жылғы ұлттық бірыңғай тестілеудің жаңашылдықтарын түсіндірді, деп хабарлайды Teznews.kz порталы ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Биыл ҰБТ форматында ерекшеліктер жоқ. Оқуға түсушілер ҰБТ-ны 5 пәннен (3 міндетті + 2 бейіндік) тапсырады.

Бүкіл тест тапсырмасының саны —120, ең жоғары балл– 140.

Тестілеудің жалпы уақыты: 4 сағат (240 минут).

Алайда тест тапсырмаларының құрылымын одан әрі жетілдіру мақсатында бірнеше маңызды шешім қабылданып, өзгерістер енгізілген.

Олардың негізгілері мыналар:

- «Қазақстан тарихы» пәнінің бір нұсқасында 20 тест тапсырмасы (20 балл) болады: 1-ден 10-ға дейін – бір дұрыс жауапты таңдауға арналған тест тапсырмалары, 11-ден 20-ға дейін – контекстке негізделген тапсырмалар (5 сұрақтан 2 контекстік мәтін).

- Ал «Оқу сауатынан» талапкерлерге 3 мәтін бойынша 15 тест сұрағы (15 балл) беріледі.

- Дистракторлар (жауап нұсқалары) саны азайды.

- Бір дұрыс жауабы бар тест тапсырмасында нұсқалар саны 5-тен 4-ке дейін, бір немесе бірнеше дұрыс жауаптары бар тест тапсырмаларында (үш дұрыс жауаптан көп емес) 8-ден 6-ға дейін азайтылды.