сенбі, 5 қазан 2024
Жаңалықтар 7 18.01.2023 16:58

Павлодарлық тұрғын 25 жылдан кейін сіңлісінің қайтыс болғанын дәлелдеді

Фото: pixabay.com

Павлодарлық әйел 25 жылдан кейін сот арқылы сіңлісінің қайтыс болғанын дәлелдеді, деп хабарлайды Teznews.kz порталы KAZ.NUR.KZ сайтына сілтеме жасап.

Ақтоғай аудандық сотының мәліметінше, Павлодар облысы Ақтоғай аудынының тұрғыны өзінің немере сіңлісі осыдан 25 жыл бұрын қайтыс болғанын дәледеу үшін сотқа жүгінген. Бойжеткен 18 жасында өмірден өткен, алайда ата-анасы дәрігер шақырмаған, жергілікті әкімдікке де ақпарат бермеген. Осылайша марқұмды туыстары ауыл жанындағы зиратқа жерлеген.

Белгілі болғандай, сот шешімінде 18 жастағы бойжеткен Ақтоғай ауданындағы өзінің туған ауылында қайтыс болғаны көрсетілген. Одан бөлек қыздың отбасында тағы екі бала болған, әрі оны өз ата-анасы асырап, баққан. Десе де бойжеткеннің нақты неден қайтыс болғаны белгісіз, тек оның 1997 жылдың 4 қаңтарында көз жұмғаны анықталған.

"Қайтыс болған күні жедел жәрдем шақырылмаған. Кейін оның ата-анасы медициналық мекемеге, қыздарының өлім жағдайын тіркеу үшін АХАЖ органдарына да бармаған. Тек ауыл жанындағы молаға жерлеген", - деп жазылған Ақтоғай аудандық сотының шешімінде.

Сондай-ақ қазіргі таңда марқұмның отбасының өзге мүшелері де қайтыс болғаны белгілі болды. Сотқа бойжеткеннің қайтыс болу фактісін тіркету үшін марқұмның туған әпкесі жүгінген. Айтуынша, ол бұл қадамға марқұмның соңынан қалған мұра үшін барған. Сондай-ақ ол бұған дейін сотқа тағы бір туысы ресми түрде тірі болып саналған соң, жүгіне алмағандығын айтады.

Нәтижесінде сот істі қарап, дәлелдер жеткілікті екенін ескере отырып, әйелдің шағымын қанағаттандырған. Ал марқұмның қайтқан күні ретінде 1997 жылдың 4 қаңтары белгіленген.