сенбі, 5 қазан 2024
Жаңалықтар 6 26.01.2023 17:33

Шымкентте жоғалған қыз зорланған болып шыққан

Фото: ашық дереккөз

Шымкентте жаңа жыл қарсаңында жоғалып, бір аптадан соң табылған 15 жасар Анелдің «зорланғаны» хабарланды. Бұл туралы заңгер Айгүл Орынбек пен Анелдің анасы әлеуметтік желіде мәлімдеді, деп хабарлайды Teznews.kz порталы Orda.kz сайтына сілтеме жасап.

Заңгер мен Анелдің анасы Orda.kz тілшісіне ұсынған дәрігердің қорытындысы жазылған құжатқа қарағанда, жасөспірімнің жыныстық қатынаста болғаны көрсетілген. Дәрігер Анелді сот-медициналық тексеруден өткізуге кеңес берген.

– Полиция тексеру қорытындысы бойынша қызыңызға ешкім тиіспеген деді. Дәрігерге тексертсек жақын арада 100 пайыз болған деді. 5 қаңтарда прокуратураға арыз жаздық. Арыз жөнінде хабар болмаған соң 25 қаңтар күні барсақ, есептен шығардық деп тұр, – дейді Анелдің анасы.

Шарасыз жағдайда қалғанын айтқан әйел істің ақ-қарасын анықтауға араласуын сұрап президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеоүндеу жариялады.

— Қызым зорланған деп шықты. Мұнда бізге ешкім қарап жатқан жоқ. Сізден көмек сұраймын. Көмектесіңізші маған, – дейді Анелдің анасы.

Істің басы-қасында жүрген заңгер Айгүл Орынбектің айтуынша, Анелдің өтініші және рұқсатымен дәрігердің тексеруіне барған. Дәрігер қыздық пердесі жоқ деді.

— Анелмен күнде сөйлесемін. Бұл істе сарапшылардың жалған ақпарат беруі қылмыстық жауапкершілік болып табылады. Қыз табылғанда жанында ер адамдар болғаны үшін іске прокуратура араласуы керек еді. Енді бас прокуратура мен президент әкімшілігіне арызданамыз. Арнайы комиссия тағайындап қайта сараптамадан өткізуді сұраймыз, – дейді заңгер.

2022 жылдың 30 желтоқсанында Шымкентте 15 жасар қыз үйінен ұрысып шығып кеткеннен бір аптадан соң табылған. Полиция қыз үйіне барудан бас тартқанын айтып оны кәмелетке толмаған балаларды бейімдеу және оңалту орталығына орналастырған. Полицияның әрекетіне қыздың анасы келіспеген. Кейіннен іске Шымкент қаласы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл араласқан. Ол жасөспірім қызбен екі жігіттің ұсталып, босатылғанын мәлімдеген. Қалалық білім басқармасы қыз бен оның анасымен психологтар жұмыс істеп жатқанын хабарлаған.