сенбі, 5 қазан 2024
Жаңалықтар 6 02.02.2023 11:44

Назарбаевқа тиесілі 300 гектар жер мемлекетке қайтарылды

Фото: jambylinfo.kz

Болат Назарбаевтың еншілес компанияларына тиесілі жерлер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл туралы "AMANAT" партиясы жанындағы Мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Ерлан Саиров мәлімдеді, деп хабарлайды teznews.kz Экспресс К сайтына сілтеме жасап.

Болат Назарбаевқа тиесілі жерлердің қайтарылғаны жөніндегі ақпарат партияның ресми сайтында жарияланды. Дерекке сүйенсек, Маңғыстау облысында 239 мың гектар, Жамбыл облысында 60 мың гектар жер қайтарылған.

"Бармақ басты, көз қыстымен" жымқырылған халық ырыздығын қайтару жұмысын жүйелі жүргіземіз. Мәртебелі фамилияға, қалтаңыздың қалыңдығына қарамаймыз. Халықтың меншігіне қол салдыңыз ба? Қайтарасыз. Алмақтың да салмағы бар және ол ауыр,

— деді Ерлан Саиров.

Сондай-ақ, жиын барысында партиялықтар Астана қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыстың жай-күйін және партияның сайлауалды уәделерін жүзеге асыру жұмысын қарады.