жұма, 4 қазан 2024
Жаңалықтар 5 16.02.2023 17:16

Алаштанушы КСРО-ның қазақ халқының дамуын жүз жылға тежегенін мәлімдеді

Фото: видеодан кадр

Алаштанушы, әлихантанушы ғалым, халықаралық журналист Сұлтан Хан Аққұлы Майя Бекбаеваға берген сұхбатында КСРО-сыз Қазақстанның жағдайы қандай болатынын түсіндіре отырып, ашаршылықтың зардаптарын баяндады деп хабарлайды Teznews.kz порталы.

 

Ашаршылық кезеңі – қазақ тарихындағы ең ауыр тақырыптардың бірі. Ғалымдардың айтуынша, оған әлі күнге дейін өз деңгейінде баға берілмей жатыр. КСРО-ның бұл саясаты ірі зардаптарға әкелсе де, қоғамда КСРО болмаса қазақ елі жабайы болып қалатын еді деген түсінік қалыптасқан. Алайда Сұлтан Хан Аққұлы бұған толық қарсылық білдірді. Оның айтуынша, қазақ ертеден білімге, оқуға қызықты, әр ауылда молда болған.

“Егер КСРО тарапынан жаппай репрессия жасалмағанда, Алаш өкілдері елімізді жаңа деңгейге көтерер еді. “Қазақ” газетінің әр санында “қалай халықты оқыту керек?”, “қандай оқулықтар қажет?” деген мәселе қозғалды. Алашордалықтар мақалаларына қарап, олардың бағдарламасына сүйеніп, 20-25 жылда дамыған елдердің қатарына кіретін едік. Өйткені Дания жиырма жылда серпіліс жасады”, – деді ғалым.

Оның айтуынша, алашордалықтар Жапонияның даму үлгісі арқылы жүрді. Жапондардың ұлттық құндылықтарды сақтап, еуропаша дамығаны оларды қызықтырды. Алайда билік оларды “жапондардың тыңшысы” деп айыптай бастады.

Сұлтан Хан Аққұлы қазақ халқы КСРО-дан мәдениет пен білімді үйренді дегендерге жауап берді.

“Халықтар комиссары кеңесіне Ленинді қосқанда, 25 адам мүшелік етті. Солардың үшеуінің құқықтық жоғары білімі болды. Қалғандары, тіпті Сталин аяқталмаған жоғары білім немесе аяқталмаған орта білімге ие еді. Ал Алашорданы алсақ, 25 мүшенің 15-і қазақ болса, соның сегізінде толық аяқталған құқықтық жоғары білім болды. Сондай-ақ, құрамда инженер, физик-математик, шығыстанушы, ғалым-энциклопедист, жоғары білімді мал дәрігері, әскери дәрігер, офишер бар еді. Алашордалықтардың екеуі ғалым атағына ие болды”, – деді Аққұлы.

Сондай-ақ, оқулықтардың көпшілігін қазақ ғалымдары жазғанын, соның ішінде Ж. Аймауытовтың педагогика, М. Жұмабаевтың психология туралы кітабын, Ә. Бөкейхановтың астрономия туралы еңбекті француз тілінен қазақ тіліне аударғанын атап өтті. 

Оның айтуынша, КСРО-ның саясаты тек қазақтарға емес, КСРО құрамында болған барлық халыққа салдарын тигізді. Өйткені демограф Қорғановтың есебі бойынша 1917 жылдың қазанынан бастап 1959 жылға дейін 110 млн азамат өлтірілген. Оның 44 миллионы ІІ ДЖС алдында өлтірілсе, қалған 60%-ы репрессия, ұжымдастыру, аштық салдарынан қаза тапты.

Алаштанушы мұның бұрыннан ойластырылған құйтырқы саясат екенін, яғни шаруаларды басу мақсатында құрылғанын түсіндірді.

“Бұл – І Петр-дің кезінде ойластырылған арам мақсат. Большевиктер патша саясатын жалғастырды. Өйткені орыс шаруалары жиі көтеріліске шығып, өз құқықтарын талап ететін. Шаруалардың бір бөлігін жою үшін осылай жасады. Ең көп зардап шеккен – Украина мен Поволжье. Себебі украиналықтар бірінші болып қарсылық танытты ғой”, – деді әлихантанушы.

Ғалым мұның қазаққа қарсы жасалған этноцид пен геноцид екенін жоққа шығармады. Өйткені қазақтар Орта Азиядағы ең белсенді әрі сауатты халық болды.

1897 жылғы ресми жалпыхалықтық есептеу бойынша қазақтардың саны – 4 084 000. Бірақ есептеуден қазақтың көбі қашқандықтан, бейресми мәліметтер бойынша халық бес миллионнан асты. 

1914-1924 жылдары қазақ халқы 6,4 млн адамға жетті. Алайда аштықтан кейін халық саны небәрі 2,1 млн болды.

“Негізі сегіз жылда халық саны сегіз миллионнан асуы керек еді. Бірақ 70%-дан астамы аштықтан қырылды”, – деп түсіндірді Аққұлы. 

Оның айтуынша, халықтың құрдымға кетуі тек адам санының азаюымен ғана емес, адами құндылықтардың түсуімен де сипатталады. КСРО саясаты, аштық кезеңінде адамгершілік өте төмен деңгейде болған.

“КСРО сатқындық, мәселен ұлы әкесін ұстап беру, көреалмаушылыққа негізделіп құрылды. Олар халықты үркітіп ұстаймыз деді, адамдардың ішінде қорқыныш қалды. Голощекин өзі аштықты көргендіктен, халықты ашықтыру арқылы сындыруға болатынын білді”, – деді ғалым.

Аққұллының айтуы бойынша, осыған дейін қазақ даласында аштық болса да, каннибализмге дейін түсетін жағдай болмады. Оған дейінгі аштықтарда адамдар тықшан, қабан ауласа, ал 30-жылдардағы аштық адам адамның, өз баласын жейтіндей жағдайға жеткізді. 

“Аш қалғанда, құндылықтар жоғалады. Халықты мектеп орнына жайғастырған кезде ересектер мен балаларды бөлек орналастырыпты, өйткені үлкендер жастардың тамағын тартып жепті. Халық өлік жейтіндей болған. Көршілері қайтыс болса, солардың етін асып жеді”, – дейді ол. 

Ғалымның ойы бойынша, мұның бәрі қазақтың дамуын жүз жылға шегіндірді. Әрі осындай репрессия мен аштық жасалмағанда, қазақ 100 миллионға жететін еді.

“Халықты сырттан келген, өзге елдің әкелген идеясы құтқармайды. Идея, тың ой халықтың өзінен шығу керек. Меніңше, халық осындай азап шекпегенде, 100 миллионға жететін едік. Ал бұл экономикалық өсімге әсер етеді. Алашордалықтардың идеясы негізінде тек КСРО елдерінің арасында емес, жалпы әлемде дамыған елдердің қатарында болар едік”, – деді Сұлтан Хан Аққұлы.