бейсенбі, 3 қазан 2024
Жаңалықтар 28 02.03.2023 11:44

Полицейлер 8 жыл бұрын ер адамды өлтірген қылмыскерлерді ұстады

Фото: gubdaily.ru

Алматы полицейлері 8 жыл бұрынғы кісі өлтіру қылмысының бетін ашты, деп хабарлайды Teznews.kz порталы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

2015 жылдың наурыз айында Алматының Түрксіб ауданында кісі өлтіру дерегі тіркелген. Сол кезде жеке жүргізуші болып жұмыс істеген 60 жастағы С. есімді азаматтың мәйіті табылған еді.

Сот-медициналық сараптама марқұмның тұншығып өлгенін анықтады.

"Сонымен қатар такси жүргізушісінің Nissan көлігінің жоғалғаны анықталды. Айтпақшы, үш еркекті қызықтырғаны сол көлік болатын. Күдіктілер қарақшалық тонау жасап, автокөлікті иемдену мақсатында кісі өлтіру әрекетін жасағанымен, көлікті иелік ете алмаған. Бірнеше күннен кейін көлік табылды. Қалалық криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері жоғарыда аталған қылмысты жасаған 30 жастағы С. есімді азаматты, 26 жастағы С. есімді азаматты және 29 жастағы Б. есімді азаматты ұстады. Олар қамауға алынды", - деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Дидар Аханов.

ҚР ҚПК-нің 201-бабы және ҚР Конституциясының нормаларына сәйкес қылмыстың басқа да мән-жайлары жария етуге жатпайды.