бейсенбі, 3 қазан 2024
115 02.03.2023 12:57

Жолаушылар автобусы жүк көлігіне соғылды: Бірнеше адам көз жұмды

Фото: Алтай аймағы бойынша ІІМ Бас басқармасының баспасөз қызметі

Ресейдің Алтай аймағының Рубцовский ауданында Семейге келе жатқан жолаушылар автобусы жүк көлігімен соқтығысты. Бұл туралы Teznews порталы ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

«2 наурыз күні Рубцовский ауданындағы А-322 тас жолында Новосібір-Семей бағытындағы жолаушылар автобусы мен жүк көлігі соқтығысты. Көлік апатынан 2 адам қаза тауып, 5 адам зардап шекті, олардың үшеуі ауруханаға жатқызылды. Зардап шеккендердің барлығы автобус жолаушылары» делінген ТАСС агенттігі хабарламасында.

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, Ресейдегі жол апаты кезінде Қазақстан азаматы зардап шеккен.

«Барнаул-Рубцовск тас жолында орын болған жол апатының салдарынан бір Қазақстан азаматы жарақат алып, жақын маңдағы ауруханаға жатқызылды. Қазіргі жағдайы жақсы, дәрігерлердің бақылауында», - деді Айбек Смадияр.