бейсенбі, 3 қазан 2024
Жаңалықтар 6 06.03.2023 12:22

Ақтөбеде оқушылардың жол апатынан екінші жасөспірім көз жұмды

Фото: Polisia.kz

Ақтөбе облысында жол апатына ұшыраған Toyota Land Cruiser көлігіндегі екінші жасөспірім қыз қайтыс болды. Көлікті тоғызыншы сынып оқушысы тізгіндеген, деп хабарлайды Teznews.kz порталы.

Бұған дейін Ақтөбе облысында кәмелетке толмағандар джип көлігіне мініп, аударылып кетіп, жасөспірім қыз көз жұмғаны хабарланған.

Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, Шалқар қаласындағы мектептердің бірінің 9-сынып оқушылары жол талғамайтын көлікпен жүруге бел буған.

"Шалқар-Базой тас жолының 4-ші шақырымында кәмелетке толмаған жасөспірімдер Toyota Land Cruiser көлігін жүргізіп келе жатып, рульді басқара алмай, көлік аударылып қалғаны анықталды", - деп түсіндірді полицейлер.

Салдарынан бір кәмелетке толмаған қыз сол жерде көз жұмып, тағы төрт адам дене жарақатымен ауруханаға жеткізілген еді.