сейсенбі, 17 қыркүйек 2024
Таным 15 09.03.2023 12:49

Психолог: "Ер адам әйелдің сезімтал екенін білуі маңызды"

Фото: qamshy.kz

Психолог әрі арт-терапевт Марзия Бекайдар Нұртас Адамбайдың Nur Adam жобасында қонақ болып, отбасылық мәселелерге қатысты сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Teznews.kz порталы KAZ.NUR.KZ сайтына сілтеме жасап.

"Көп қыздар тұрмысқа шығарда тек алсам деп ойлайды және отбасылы болған соң ертегі өмірді күтеді. Тек өзінің қажеттіліктерін өтейтін нәрсе күтеді. Алла бақыт пен үйлесімді кейбір заттарға жасырып қойған. Мәселен, әйел адам еріне қызмет қылып, бағынатын болса, оның ішкі жан-дүниесі тынышталып, бақытқа кенеледі. Егер әйел адам Алла разылығы үшін еріне бағынамын деп шешсе, ол өзіне қажетті ләззат пен бақытты міндетті түрде алады", - деді психолог.

Сондай-ақ Марзия Бекайдар ерлерді жауапкершілікті өзіне алуға шақырды.

"Үйленген соң мәселе қайдан шығады? Екі жас үйленген соң, әйелдің бір ғана ойы болады. Ол келін болып түскен жеріне өзін мойындатқысы келеді. Жақсы келін атағын алу үшін ғана ол бар ынтасымен қызмет қылады. Бұл нағыз қиратушы пікір. Өйткені ол өзін мойындатқысы келіп, өз әлеуетінен артық нәрселер жасайды. Мұндай кезде әйел өзін жоғалтады. Осы кезде барлық қиындық басталып, әйел адам ішіне өкпе-ренішін жинай бастайды. 

Ал егер ер адам әйелді дұрыс түсініп, оның функционалды қызметінен гөрі эмоционалды қызметіне көңіл бөлсе, оған қанат бітеді. Ол мықты бола бастайды. Ер адам барлық жауапкершілікті өзіне алып, өзінің мықтылығын көрсете білсе, әйел адамды жігерлендіре түседі. Егер бағыну туралы айтар болсақ, еркектің үлкен жауапкершілік алуына мән беру керек.

Ер адамға әйелдің эмоционалды, сезімтал екенін білу маңызды және кешіре білу керек. Мен әйел ретінде барлық нәрсені істей аламын деп айтпаймын. Қанша жыл тұрмыста болсам да, шаруашылыққа қатысты көп жағдайға көмектесетін адамдарым бар. Олардың көмегінсіз ештеңе істей алмаймын. Мен бұл үшін ұялмаймын", - деді ол.