бейсенбі, 3 қазан 2024
Жаңалықтар 13 09.03.2023 15:17

Күйеуінен 8 наурызға сыйлық сұрағаны үшін таяқ жеген келіншек мұңын шақты

Фото: zdorovemedicina.ru

Күйеуінен 8 наурыз мейрамына сыйлық сұрағаны үшін, таяқтың астында қалған келіншек, ажырасқысы келетінін айтып, көптен көмек сұрады, деп хабарлайды Teznews.kz порталы.

Kyn.kz басылымына хат жазған ол, мерекеге орай сыйлық сұраймын деп, басының бәлеге қалғанын айтты.

«Менің есімім Асель. Шымкент қаласынан жазып тұрмын. Жасым 30-да. Барлық нәзік жандыларды халықаралық әйелдер күнімен құттықтағым келеді. Мейрам қарсаңында күйеуіме «Маған неге сыйлық сыйламайсың», деп ренжіп едім, өзімді таяқтың астынан алып «Өз орныңды біл» деп ұрып тастады» дейді келіншек.

Оның айтуынша жолдасы 8 наурызды тойлауға мүлдем қарсы екен. Сол жағдайды түсініп қарамаған әйелін аяусыз ұрған.

«Тұрмысқа шыққаныма биыл екі жыл болды. Екінші балама аяғым ауыр. Күйеуім мені мүлдем сыйламайды. Оған бірдеңе десең бірден ұрып, теуіп, былапыт сөздермен балағаттайды. Бойдақ достарымен күнде қыдырады. Үйге таң атқанда бір-ақ келеді, қыз құмар. Маған ешқашан сыйлық сыйлап көрмеген. Бүгін мейрамда ойымдағыны айтып едім, оңдырмады.

Тіпті туған күнімді де, елеп ескермейді. Телефонымды да сындырып тастады. Анам таққан алтындардың барлығын ломбардқа өткізіп жіберді. Айта берсем ондай жағдайлар өте көп…

Үйде үш келінбіз, екі абысынымның да күйеулері біреуі қырық мыңға, біреуі он бес мыңға көйлек әперді. Соның барлығын ішіме сыймай күйеуіме айтсам «Сен ондайға лайықты емессің, орныңды біл»,-деді. Сонда ол сөзді қалай түсінсем болады? Менің сонда ешқандай қадірімнің болмағаны ма?

Маған қымбат зат керек емес, жәй көшеге шығып жүріп қайтайық, үйдің таусылмайтын тірлігінен шаршадым десем оныда орындамады. Ішімдегіні айтып жеңілдегім келген, ол адамға керегім жоқ екенін түсіндім. Неге онымен бірге қалған өмірімді өткізуім керек? деген ой мазалап отыр. Ажырассам 2 бала әкесіз өседі, тағы күйеуге тисем өзге ер адамға жаутаңдап қалады деп қорқамын. Одан қалды өгей әкесінен қорлық көргендер қаншама, соны да ойлап жаным қиналып кетті. Мен абысындарыма осы жағдайларды айтып опық жедім. Бәріне өзімді кінәлады олар. Анам мен бауырларыма айтып, оларды уайымдатқым келмейді. Ақыл кеңестеріңізбен бөліссеңіздер екен. Маған қандай кеңес бере аласыздар?», — деп хатын аяқтаған келіншек.