сәрсенбі, 2 қазан 2024
Жаңалықтар 208 14.03.2023 11:49

"Қайнаған су үстіме төгілді": Бибігүл Төлегенова күйеуінің әрекетін еске алды

Фото: mail.kz

Қазақ ән өнерінің бұлбұлы атанған Бибігүл Төлегенова "Қазақ үні" басылымына берген сұхбатында анасымен және өзінен бір мүшел үлкен күйеуімен қарым-қатынасы қандай болғанын айтып берді, деп хабарлайды Teznews.kz сайты.

"Шешеме оқуға кететінімді айттым. Біртүрлі ширығып алғанмын. Шешем: "Ол бұзылатындардың оқитын оқуы, осыдан кетсең теріс батамды беремін" деді. Мен енді жалтақтамай кетіп қалдым. Шешем хабарласпай қойды. Іле-шала өзімнен бір мүшел жас үлкен адамға тұрмысқа шығып кеттім. Мұны естіген шешем: «Айтып едім ғой, ол бұзылуға кетті деп» менен бетін мүлде теріс бұрып алды. Тіршілігіміз қалт-құлт. Тұрған үйіміздің пешіне жаққан отымыз далаға кетеді. Бір танысымыз сексеуіл береді. Оны буып иығыма салып, трамвайға мініп үйге әкелемін. Екі сағат жүріп көтеріп әкелген отыным жарты сағаттық жылу бермейді. Күйеуіммен арамыз да тоң-теріс" ,  - дейді әнші.

Опера әншісі бірде ток пешінің үстіне су қайнатып қойып, еден жууға кіріскен кездегі күйеуінің әрекетін еске алды.

"Сол кездегі едендер баттасып тұра ма, пышақпен кырғыштап жатқанмын, бір уақытта күйеуім ортада тұрған столды маған итеріп қалғаны, бір шелек қайнаған су үстіме төгілді. Иығым білегіммен қоса жидіп түсті. Алты ай ауруханада жаттым. Күйеуім кешірім сұрап, ешкімге айтпа деп кетеді. Титтей әтірдің кұтысына коньяк құйып әкеледі де, осыны ішсең тез жазыласың дейді. Баламын ғой, айтқанын істеймін" ,- дейді әнші.