сейсенбі, 1 қазан 2024
Жаңалықтар 7 06.04.2023 12:44

Астаналықтар қару-жарақ тауып алған кезде не істеу керек?

Фото: The Qazaq Times

Елордалықтардың заңсыз сақталған және тіркелмеген қару-жарақ, оқ-дәрі және жарылғыш заттарды полицияға тапсырып, сыйақы алу мүмкіндігі бар. Аталған шара 10 сәуірде басталып, бір айға созылады, деп хабарлайды Teznews.kz ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

«10 сәуірден бастап заңсыз сақталған қару-жарақ, оқ-дәрі және жарылғыш заттарды қабылдау республикалық акциясы басталады. Сондай-ақ, тіркелмеген қару-жарақты өз еркімен тапсырған азаматтар әкімшілік және қылмыстық жауаптан босатылады», – деді Астана қаласы полиция департаментінің ерекше тапсырмалар бойынша аға инспекторы, полиция подполковнигі Азамат Әмен брифингіде.

Сонымен қатар полиция департаментінің өкілі қару-жарақты өз еркімен тапсырған жағдайда сыйақы берілетінін айтты.

«Қаруды ерікті түрде тапсырған азаматтарға оның түріне қарай 10-нан 100 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) дейін сыйақы қарастырылған. Яғни қарудың түріне, санатына және сақталу жағдайына қарай 34 500 теңгеден 345 мың теңгеге дейін сыйақы тағайындау көзделген. Қару-жарақты қабылдау үш санатқа бөлінеді. Бірінші техникалық жағдайы өте жақсы деңгейде сақталған қару, оған 100 пайыз көлемде сыйақы беріледі. Екінші санаттағы қару-жараққа 70 пайыз, ал үшінші санатқа жатса онда 30 пайыз көлемде сыйақы тағайындалады. Ескеретін жайт, сыйақы қару-жарақтың негізгі бағасына негізделеді, ол үшін сала сарапшыларымен кеңесеміз», - дейді ол.

Оның айтуынша, криминалдық іске қатысы бар, ұрланған және ресми тіркелген қару-жарақ сатып алынбайды және оған сыйақы берілмейді.

Сондай-ақ, спикер оқ-дәрі және жарылғыш заттарды өздігінен тасымауға кеңес берді. Алдымен полицияға хабарлаған жөн.