сейсенбі, 1 қазан 2024
Шоу-бизнес 66 11.04.2023 14:19

Қайрат Әділгерей: "Тойдан тапқан ақшада береке жоқ"

Фото: ашық дереккөз

Танымал әзілкеш Қайрат Әділгерей Динара Сәтжанға берген сұхбатында қандай айлыққа жұмыс істеп, тойдан түсетін табысы жайлы ашық айтты деп хабарлайды Teznews.kz порталы.

 

“Той деген қомақты қаржы. Бірақ тойдан тапқан ақша қалай келсе, солай кетеді, берекесі жоқ. Мен дубляждан алатын 140 мың теңгеге 20 мың теңгеге екі қызымның балабақшасын төлеймін, 35 мың теңге пәтерақ бар, ұсақ-түйек несием бар. Сондай берекелі. Ал тойдан келген ақшаға балаларм ен киноға барасың, ішіп-жейтіні, киімі бар. Сонымен кетеді. Ол ақшаны аямай жұмсайсың, себебі келесі апта тойыңның бар екенін білесің. Бәрі өнер адамдары бай, жарқырап жүреді деп ойлайды. Бірақ олардың жұмысы тұрақсыз екенін ескеру керек. Әртіс қатты танымал болғанда ғана жұмысы да, табысы да тұрақты болады. Мысалы, тамыз айында әр қайсысы миллион жарым теңгеден 18 той болады, ал қыркүйекте 4-ақ той. Еслестетіп көрші, тамызда қалай балқып-шалқып өмір сүрсең қыркүйекте аз ақшаға солай өмір сүріп көр. Сүмелек болып қаласың”, – дейді актер күліп.

Әзілкеш дубляждағы жұмысына да тоқталды. 

“Дубляж – өлмейтін сала. Бірақ дубляждағы актерлердің табысы аз. Мен әлеуметтік желіде тікелей эфирде отырғанда көбі мені ақшаны қырып табады деп ойлайды. Мен әзілдеп: “Осы айда 850 мың теңге алдық, өткен айда көбірек алып едік” деймін. Шындап келгенде 130-140 мың теңге аламыз. Бізге тапсырыс беретін арналардағы адамдар: “Бізге жаңа дауыстар керек. Сендер шаршатып жібердіңдер” дейді. Сөйтіп біз жастарды алып келеміз, оларды оқытамыз. Содан бір айлық жұмысына 31 мың теңге шыққанда көңілі қалып, басқа жұмыс іздейді. Бұл саланың ақшасына қарамай, жақсы көрсең ғана жұмыс істеп кетесің. Театрдың актерлері де 150-160 мың теңге алады. Ол қазіргі кезде ақша ма? Бірақ олар халықтың қошеметінен шабыт алады. Сол себепті әр адам өз жұмысын жақсы көрсе ісі берекелі болады”, – дейді актер ойын қорытындылап.