сейсенбі, 1 қазан 2024
Білім 13 12.04.2023 12:28

Қазақстанда барлық мектепте оқу жылы 31 мамырда аяқталады

Фото: uralskweek.kz

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев оқу жылын аяқтау және орта білім беру ұйымдарында білім алушыларды қорытынды аттестаттаудан өткізу мерзімдерін бекіту туралы бұйрыққа қол қойды.

Бұл туралы оқу-ағарту вице-министрі Шолпан Каринова Facebook-та жазды. Бұйрық бойынша елдегі барлық мектепте оқу жылы 31 мамырда аяқталады. Ал соңғы қоңырау 1 маусым күні соғылса, емтихандар 2 маусымнан басталады. 

Құжатқа сай 9 (10) сыныптарда білім алушылардың қорытынды бітіру емтихандары 2-13 маусым аралығына жоспарланса, 11 (12) сыныптарда білім алушылардың мемлекеттік бітіру емтихандары 5-19 маусым аралығында өткізіледі.

Емтихан бойынша 10 сынып оқушыларына мынадай кесте бекітілген:

  1. жазбаша жұмыс (мақала, әңгіме, эссе) – 2 маусым;
  2. математика бойынша жазбаша емтихан – 6 маусым;
  3. өзге тілдерде оқытатын сыныптарда қазақ тілі мен әдебиеті бойынша және қазақ тілінде оқытатын сыныптарда орыс тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан – 9 маусым;
  4. таңдау пәні бойынша жазбаша емтихан – 13 маусымға жоспарланған. 

Ал 11 сыныптар үшін емтихан кестесі:

  1. Оқыту тілі бойынша жазбаша емтихан – 5 маусым;
  2. Алгебра және анализ бастамалары бойынша жазбаша емтихан – 8 маусым;
  3. Қазақстан тарихы бойынша ауызша емтихан – 2023 жылғы 12 маусым; 
  4. Өзге тілдерде оқытатын сыныптарда қазақ тілі мен әдебиетінен және қазақ тілінде оқытатын сыныптарда орыс тілі мен әдебиетінен жазбаша емтихан – 2023 жылғы 15 маусым;
  5. Таңдау пәні бойынша жазбаша емтихан – 19 маусымда өткізіледі.