бейсенбі, 4 шілде 2024
Мәдениет 9 17.05.2023 9:35

Айтыскер қыз Айшолпан Тұрсынбек Қабатовтың жарына ренішін білдірді

Фото: smi24.kz

Жас айтыскер Айшолпан Тілеутай продюсер Мөлдір Мұқановамен болған келісімшартты не себепті бұзғанын ашық айтты. 

Ақын қыз әлеуметтік парақшасында Тұрсынбек Қабатов пен Мөлдір Мұқанованы еңбекақымды бермеді деп, жерден алып, жерге салды.

“Армысыздар, құрметті оқырмандар! Бұл – әділдікті талап ететін бейнежазба. Бұған жауап бермей-ақ қояйын деп едім, оқырмандардың сұрауымен жауап беруге тура келді. Менің бұрынғы продюсерім, атақты Тұрсынбек Қабатовтың жұбайы Мөлдір ханым маған жала жауып сұхбат берді. Жанындағы журналистер менің дене бітіміме тиісіп, үстімнен мысқылдап күліп отырғанын көріп, қатты намысыма тиді, жүрегім ауырды. Жас болған соң, бойымда жалыным болған соң Астанаға арман қуып келген болатынмын. Әкем – күзетші, анам – ұстаз. Сіздер сияқты асып-тасып жатқан байлықтары жоқ. Астанаға ата-анамның үмітін ақтау үшін бардым. Мөлдір ханымға жылап-еңіреп барған жоқпын, Мөлдір ханым маған бірге жұмыс істеуді ұсынды. “Астанада мені қолдайтын, қорғайтын адам бар екен” деп келісімшартқа отырдық. Келісімшарт бойынша, Тұрсынбек аға мен Мөлдір ханым мені “Әзіл әлеміне” шығарып, киноға түсіріп, киіммен, концерттермен қамтамасыз етіп, айлығымды уақытында беріп отыру керек болатын. Бірақ бес шарттың бірін де орындаған жоқ. Мені жаз бойы бай-манаптардың, депутаттар мен министрліктің тойына тегін салды. Соңына ақшамды бермей қойды. Бір министр ағамыз домбыра сыйлап еді, Мөлдір ханым: “Саған бере алмаймын, мен арқылы алдың” деп өзінің үйіне қойып қойды. Осындай адамдармен қалай жұмыс істеймін деп телефонымды алмай қойдым”, – дейді жас ақын.

Сондай-ақ ол Мұқанованың “Айшолпанға бір костюм тігіп беріп едім, соны әлі киіп жүр” деген сөзін де жауапсыз қалдырмады.

”Мөлдір ханым, егер сіз жобаңызға костюм тігіп берсеңіз, ол сіздің продюсерлік міндетіңіз. Киім тігіп бере алмасаңыз, онда продюсердікпен айналыспаңыз. Сондықтан Тұрсынбек аға, Мөлдір ханым, маған төлемеген ақшамен байып кетіңіздер, аман болыңыздар. Бірақ менің мазамды алмаңыздар. Аяқтан шалмаңыздар, өтірік айтып, байбалам салмаңыздар”, – дейді Айшолпан.

Айтыскер ару бұрынғы продюсерінің өзі жайлы айтқан сөздерінің шындыққа жанаспайтыны айтты.

“Мөлдір ханым, мен өз қадірімді білетін қызбын. Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар?” дегендей мен сізден бар болғаны еңбегімнің, маңдай терімнің ақысын сұрадым. Ата-анамды асырап отырған қарапайым күзетшінің қызымын. Мені халыққа жаман атты қылуға тырыспаңыз. Алла әділ! Күн бар жерде, көлеңке бар! Бұға берсең, сұға береді. Өзімдікі дұрыс па, ешкімге есемді жібермеймін. Алла бергенін алса да, берерін алмасын! Менің сіздер сияқты бай, миллионер көкелерім жоқ, бірақ қолдайтын халқым бар! Қанша аяқтан шалсаңыздар да мен дегеніме жетемін”, – деп жазды Айшолпан Тілеутай.

Бұған дейін Мөлдір Мұқанова айтыскер қыздың жауапкершілігі төмен болғандықтан келісімшартты тоқтатқанын айтқан болатын.