бейсенбі, 4 шілде 2024
Мәдениет 14 06.06.2023 10:19

Айшолпан Тілеутай өзіне араша түскен Ринат Зайытовқа алғыс айтты

Фото: ашық дереккөз

Соңғы кездері Айшолпан Тілеутай атты айтыскер арудың басы даудан арылмай жүр. Таяуда ғана Fly Arystan әуе компаниясының қызметкерлері қазақтың ұлттық аспабымен ұшаққа кіруге рұқсат бермей қойғанын көпшілік жақсы біледі. Бұл жолы өнердегі шәкіртіне Ринат Зайытов араша түсті.

 

Еске сала кетсек, Fly Arystan қызметкерлері әуежайда домбырасын қызғыштай қорғаған айтыскер қызды кезек-кезек жұлқылап, әбден әбігерге салғанын ақын өзінің видеоүндеуінде ашық айтқан еді.  

Ашуға булыққан Айшолпанның дәл сол бейнежазбасын көрген ел бірден елең етіп, әуежайдағы шулы оқиға қоғамды дүр сілкіндірді. Тіпті депутаттардың да құлағына жеткен. Күні кеше өткен үкімет сағатында мәжілісмен Ринат Зайытов сол мәселені қозғады. Ол Қазақстан республикасы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Азамат Бейісбековке бұл олқылықты тез арада шешуін сұрады.

"Әуе компаниялардың ұлттық аспаптарға қарсылығы жоспарланғандай жүріп жатыр. Азамат Өмірзақұлы (ИИДМ вице министрі), домбыра деген – ішінде бірде-бір металы жоқ, қойдың ішегі, қарағай ағашынан басқа құрамында ештеңе жоқ. Бұл – бір. Екіншіден, "нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра" деген Қадыр Мырза Әлінің сөзі бар. Әуе компанияларыңызға дұғай-дұғай сәлем айтыңыздар. Кімдікі болса да, шешіп беріңіздер: қазақтың саусаққа толмайтын 4-5 аспабы бар. Сол аспаптар ұшаққа кіруге рұқсат алсын. Ала алмайды екен – Алматы мен Астананың әуежайына кемінде мың домбырашыны қойып, "Адай" күйін ойнатып, жалынып сұрайық қолдарыңыздан келмесе", – деді депутат Ринат Зайытов. 


Алайда аталған жауапты министрліктің өкілі Зайытовтың тарапынан қойылған тосын сұраққа жауап бере алған жоқ. Дау тудырған мәселені шешуді кейінге қалдырылды.  Айшолпан өзіне араша түскен Ринат ағасына алғысын айтып, жеке парақшасында жазба жариялады.  

"Қолымнан жетектеп, ең алғаш үлкен айтысқа баптап шығарған ұстазым Ринат Зайытов, сізге мың алғыс! Жылап отырмын. Бұл барлық елдің қуанышы. Қазақтың қара нардай жігіттері аман болсын!  Қайран домбыра қадіріңді кеш білдім, Сенсіз мына қадірі жоқ бес күннің. Сені сындырып шағуға, Багаж жаққа салуға, Хақысы жоқ ешкімнің", – деп жазды Айшолпан Тілеутай.