бейсенбі, 4 шілде 2024
Саясат 5 13.06.2023 12:41

Қаржы министрі бюджеттің 88 млрд теңгесі неліктен игерілмей қалғанын айтты

Фото: Егемен Қазақстан

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жыл басынан бюджеттің 88 млрд теңгесі неліктен игерілмей қалғанын түсіндірді, деп хабарлайды Teznews.kz порталы ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

«Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,5%, республикалық бюджеттің шығыстары – 98,8%, жергілікті бюджеттердің шығыстары 98,9% атқарылды. Республикалық бюджет бойынша сомасы 9 трлн теңгеге шығыстар жүргізілді», - деді Ерұлан Жамаубаев бүгінгі Үкімет отырысында.

Сондай-ақ 109 млрд теңгесі атқарылмаған, оның ішінде 21 млрд теңге – үнемделсе, 88 млрд теңге игерілмей қалған.

«Игерілмеудің негізгі себептері: конкурстық рәсімдердің ұзақ жүргізілуі; шарттарды, қосымша келісімдерді жасау рәсімдерінің ұзақ жүргізілуі, бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) іске асыру жөніндегі нормативтік құқықтық актілердің уақтылы қабылданбауы; орындалған жұмыс актілерінің, шот-фактуралардың уақытылы ұсынылмауы; есепті айда қаражатты жұмсау қажеттілігінің болмауы», - деп түсіндірді Қаржы министрі.

Ал жергілікті бюджеттердің шығыстары 4,4 трлн теңгені құрады. Онда 47 млрд теңге жұмсалмаған.

«Биыл өңірлерге 2 трлн теңгеге жуық нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 маусымға 641 млрд теңге бөлінген және 97,8% игерілген. Игерілмей қалған сома – 14 млрд теңге. Бұл әсіресе Астана қаласында, Қарағанды, Жамбыл және Алматы облыстарында байқалды», - деді Ерұлан Жамаубаев.