бейсенбі, 4 шілде 2024
Денсаулық 8 14.09.2023 17:56

Алматы облысында үш жасар бала кәріз құдығына құлап мерт болды

Фото: Ult.kz

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Қырбалтабай ауылындағы балабақшалардың бірінде ашық тұрған кәріз құдығына құлап кеткен 3 жасар бала ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды Teznews.kz порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұл туралы облыстық полиция департаментінің басшысы Бауыржан Әленов Instagram-парақшасында бөлісті.

Оқиға туралы полицияға 13 қыркүйекте сағат 13:08 шамасында хабарланған. "Бұл дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 141-бабының 2-бөлігі бойынша (балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау) полицияда тіркелді.

"Қазір оқиғаның барлық мән-жайын толық, объектив және жан-жақты зерделеу үшін қажетті сараптамалар тағайындалып, жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр", - деді Алматы облыстық полиция департаментінің басшысы.

Тергеу барысын облыстық полиция департаментінің басшысы өз бақылауына алды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге де мәліметтер жария етілмейді.