бейсенбі, 4 шілде 2024
Саясат 8 18.10.2023 13:5

Ұлттық қор. Парламент жаңа заңды бекітті

sputnik

Парламент Ұлттық қордан балаларға бөлінетін қаржыны заңнамалық тұрғыда бекітті, деп хабарлайды Teznews.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Мәжілістің жалпы отырысында палата депутаттары заңнамалық актілерге сай жекеленген баптарымен келісті.

Яғни, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ҚР Ұлттық қорынан балаларға арналған қаражатты есептеу, төлеу және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң 2023 жылдың 23 мамырында Парламент Мәжілісіне енгізілген болатын. 

Бұл құжаттың ең негізгі мақсаты - балалардың кәмелет жасына дейін жиналған қаражат есебінен тұрғын үй жағдайларын жақсартуға немесе білім алуға мүмкіндік ұсыну, ҚР азаматтарының өскелең ұрпағын қолдау.

2023 жылғы 20 қыркүйекте Мәжіліс қабылдаған заң Парламент Сенатының қарауына жіберілген болатын. Сенат 13 қазанда заңды қайтарды және құжатқа 10 түзету енгізді.

Атап айтсақ, мақсатты жинақтауда Бірыңғай зейнетақы қорындағы шоттарға аудара отырып, екінші деңгейлі банктерде, ұлттық пошта операторында ашылған банк шотынан аударуды реттейтін нормалардағы долларды теңгеге айырбастау «аударым күніне» емес, «аударым сәтіне» деп өзгертілді.

Заңда «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық Заңның қолданылуы тоқтатылуына байланысты терминологиялық біріздендіру үшін «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» Заңы да түзетумен толықты.

Өзгерістер туралы толық ақпарат берген Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев:

«Сенат енгізген түзетулер заңның тұжырымдамалық ережелерін өзгертпейді», - деді мәжілісмен.