бейсенбі, 4 шілде 2024
Жаңалықтар 32 20.11.2023 15:53

Түріктің «поп-ханзадасы» Алматыға келді

Фото: Балерке ӘСІЛХАН

SoldOut Concerts ұйымдастыруымен танымал түрік әншісі Алматы қаласында концерт қойды. Тыңдармандардың ықыласы мен әншінің хит-парады туралы Teznews.kz тілшісі ақпарат таратады. 

 «Алматы Аренада» 17 қарашада өткен Тарканның концерті бірқатар ерекшеліктерге ие. Әнші соңғы рет 10 жыл бұрын Астана қаласында өнер көрсеткен. Араға ұзақ уақыт салып, әнші қазақстандық тыңдармандарымен қауышты. 

Таркан - осы күнге дейін 19 миллионнан астам данамен сатылған бірнеше платина альбомның авторы. 

Концертте "Şımarık", "Dudu", "Kuzu kuzu", "Öp", әндері айтылды. Таркан 51 жаста болса да, сергек қимылдап харизмасы мен хореографиясы үйлесіп, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. 

Концерт тыңдармандарға түріктің лебін сездіріп, шынайы эмоция сыйлай алды. Тарканды тағатсыздана күткен еліміздегі тыңдармандар әншімен бірге  хит әндерді айтып, кештің көркін аша түсті. 

Кешке келген 18 жастағы Алматы тұрғыны Жамал: «Бұл концертті ұзақ күттім, төбем көкке жетті десек те болады. Мен оның әндерін сүйіп тыңдаймын. Таркан арқылы мен түрік тілін үйрендім. Таркан – әдемі өмір сүрудің символы мен үшін. Ол қаншалықты медиа тарапынан қысымға ұшыраса да құлдырамаған. Жоғары көңіл күй мен керемет атмосфераны сезіндім. Таркан менің келер жұмыс аптама шексіз энергия сыйлады»,-деп пікірін білдірді.

Еркежан, 22 жаста: «Таркан – түрік мәдениетінің бір бөлшегі. Қаншама хит әннің авторы. Арадан 20 жыл өтсе де, әндері ескірмеген. Елмен бірге өмір сүріп келеді. Әр әннің өз тағдыры бар. Тарканның 20 жыл бұрынғы видеоларын қарап, өзімді дайындадым. Бірақ дәл сол бейне, дәл сол адам  қартаймаған қалыбында сахна төріне көтерілді. Мен бұл күнді біраз уақыт ұмытпаймын. Мұндай концертте болу арманым еді. Мен бүгін концертке келмедім, арманыммен кездесуге келдім!»,-деп пікір білдірді.

P.S. Тарканның концерті өте жоғары деңгейде өтті. Бос орындар саусақпен санарлықтай ғана болды. Барлық кеш қонағы бір толқында ән айтып, би билеп, тіршіліктің күйбеңінен бір сәтке серпілді.

Материалды дайындаған: Балерке ӘСІЛХАН