сейсенбі, 2 шілде 2024
Жаңалықтар 34 06.12.2023 10:52

Атырауда ауруханада көз жұмған келіншектің туыстары сот шешімімен келіспейді

Атырауда босанған келіншектің өліміне кінәлі деп танылған дәрігерлерге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Teznews.kz ақпараттық порталы КТК арнасына сілтеме жасап.

2022 жылы қаңтарда Атыраудағы модульдік ауруханада босанған әйел келесі күні ота үстінде қайтыс болған болатын. 37 жастағы марқұмның артында төрт баласы қалды.

Оның жұбайы мен туыстары бұл жағдайға дәрігерлерді кінәлап, іс қозғады.

Себебі ақ халаттылар босандырған кезде әйелдің денесін қатты жаншып, екі қабырғасын сындырып алған. Жұмысына салғырттық танытқан ақ халаттыларға қатысты сот үкімі шықты.

Сот нәтижесі бойынша бір адам бас бостандығынан айырылып, екі медициналық қызметкер шартты жазамен босатылды. Дәрігерлер үш жылға дейін өз мамандығы бойынша жұмыс істей алмайды.

Сондай-ақ сотталушының әрқайсысы марқұмның туыстарына 5 миллион теңгеден төлеуге тиіс. 

“Құлап қалу туралы уәждерін сот ешқандай негізге алмайды. Себебі ол дәлелденбеді. Босану сәтін де, сол босанғаннан кейін көп кешікпей алған жарақаты бейнежазбада нақты көрінген. Босану залында да шағымды сол жерде айтып, баласын үстінен алып тастауды айтып, сол жақ қабырғасын көрсеткені бұған дәлел бола алады”, – деді Атырау №2 сотының судьясы Эльмира Ойқұлова.

Марқұмның жұбайы сот шешіміне риза емес.

“Мен балаларыма не айтамын?! Төрт балам бар. «Мамам қашан келеді?» деп күнде сұрайды. Мектепке алып кетуге барамын. Басқа балаларды мамасы алып кетіп жатқанда сұрайды. Маған қиын, қашанғы оларды алдаймын”, – деді марқұмның жұбайы