сенбі, 6 шілде 2024
Жаңалықтар 101 20.12.2023 10:58

Арман Дүйсеновтың әйелі көпшілікке үндеу жасады

Композитор Арман Дүйсеновтың жары көпшілікке үндеу жасады, деп хабарлайды Teznews.kz ақпараттық порталы.

Композитордың қайтыс болғанына бір жылға жуық уақыт болды. Дүйсеновтың әйелі композитордың парақшасын қолға алмақ.

“Ардақты ағайын! Біздің әулетіміздің ғана емес, тұтас елдің сүйікті перзентіне айналған Арман Дүйсеновтей азаматтың дүниеден көшкеніне жылға толуға айналды. Осы бір жылдың біздің отбасымыз үшін қаншалықты мұңлы, қаншалықты ауыр болғанын айтып жеткізу қиын. Әкесін іздеген ұл-қызыңның жәудіреген жанарына шарасыз күйде қараудан ауыр не бар? Осы қайғыны жан-жүрегімен сезініп, біздің қайғымызды бөліскен қалың жұртқа Алла разы болсын! Мұндай сынақты енді ешкімнің басына бермесін.

Арманның асыл бейнесі, аңқылдаған ақ жүрегі, әсем әндері талайдың жанын баурағаны сөзсіз, оны елдің іздейтіні де содан болса керек. Оның әлеуметтік желідегі парақшасын өшірмеуімізді, қайта оны тұрақты жүргізуімізді өтініп сұраушылардың да қарасы қалың. Арманның екінші өмірі жалғасқанын, оның елімен бірге жасағанын біз де қалаймыз. Сондықтан, Арманның әлеуметтік парақшасын қайта жаңғыртқанды жөн санадық. Мұнда Арманның әндері, композициялық шығармалары, жасаған бағдарламалары жарияланады. Бұл жұмыстарға сіздердің де көмектеріңіз тиеріне сенеміз. Осылайша Арманның асыл бейнесі бәрімізбен бірге жасайтын болады. Баршаңыздың отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін”, – деп жазды ол марқұм күйеуінің Instagram парақшасында.