сенбі, 6 шілде 2024
Жаңалықтар 8 20.12.2023 19:3

Әнші Айқын Төлепберген мен сазгер Садық Қынатпен дауласты

Қазақстандық әнші Айқын Төлепберген сазгер Садық Қынатпен дауласып қалды, деп хабарлайды Teznews.kz ақпараттық порталы. 

Әншінің репертуарындағы "Отыздан асып барамын" әнінің авторымын деп таныстырған сазгер Садық Қынатпен дауласып қалды.

Белгілі сазгер өнер иесінің аталған әнді рұқсатсыз орындап жүргенін айтады.

Садық Қынат "Отыздан асып барамын" әнін өзі жазып шығарғанын айтады. Сазгер өз рұқсатынсыз орындап жүрген әншіні сотқа берді.

"Отыздан асып барамын" әнін 1993 жылы өзімнің 40 жасыма жазғанмын. Қазір 70-темін. Мұны ауылда отырыстарда "қырықтан асып барамын" деп айтып жүрдім. Кейін әншілер сұрағаннан кейін Мұқағалидың сөзіне жазылған әнге айтып жүрдім. Көп жерде менің әнім екенін біледі. Бүкіл түркістандықтарға танымал ән. Ал Айқын Төлепберген орындаған кезде менің аты-жөнімді айтпайды. Оған хабарласқанымда "бұл ән сіздікі емес, Тұрсынғазы Рахимовтан алдым" дейді. Адам ішінен шыққан туындысын ешкімге бермейді ғой. Айқын маған хабарласып, рұқсат сұрамаған. Мен оған өзім хабарласып, осы әнді бір кеште орындап беруін сұрағанмын. Бірақ ол уақыты жоқ екенін айтып, "ән сіздікі емес" деді. Сол себепті өз құқығымды қорғау үшін сотқа бердім", – деді сазгер.

Алайда әнші сотта жеңіп шыққанын айтады.

"Маған хабарласып, "Отыздан асып барамын" әнінің авторымын деді. Баласы хабарласып, ақша сұрады. Содан кейін мен авторлық қоғамға сұраныс жібергенде әннің авторы басқа адам деп жазылған. Кейін ағайға хабарласып, мұны айттым. Мені сотқа берді. Сот үрдісі өтті, мен сотта ұтып шықтым. Сөйтіп, мәселе жабылды", – деді әнші.