бейсенбі, 4 шілде 2024
Жаңалықтар 19 21.12.2023 13:34

Мөлдір Әуелбекова балалар үйінен бала асырап алғысы келетінін айтты

Әнші Мөлдір Әуелбекова балалар үйінен бала асырап алғысы келетінін айтты, деп хабарлайды Teznews.kz ақпараттық порталы.

Өнер иесі "Ұйқым келмейді" бағдарламасында "Ғашық Жүрек" фильмін түсіру барысында балалар үйінде болғанын және сол кезде бала асырап алуды өзіне мақсат етіп қойғанын айтты.

"Фильмнің режиссері Асқар Ұзабаев болды. Ол "Мөлдір "Ғашық жүрек" фильміндегі балалардың көзқарасын экранда көрсету үшін балалар үйінде он күн тұрасың" деді. Оның неге олай айтқанын сол жаққа барғанда ғана түсіндім. Бір күн тұрдым да, қашып кеттім. Шыдай алмадым. Олармен бірге тамақтанып, бірге ойнадық. Олардың көзқарасы, тағдыры басқа болатынын түсіндім. Ондай өмір көрмегесін, бір күнге шыдай алмадым. Балалардың тағдыры өте ауыр. Кетіп қалғасын ғана "Асқар, мен кетіп қалдым" деп хабарластым. Бірақ режиссер "Қайта барасың" деді. Олар мейірімге зәру. Біреуін құшақтасаң, барлығы қойныңа кіреді. Шүкіршілігіміз аз екенін түсіндім. Сол кезде "Бала асырап алғым келеді" деген мақсат пайда болды. Қазір баламды дайындап жүрмін. Баламды апарып тұрамын. Бала жоқшылықты да көруі керек. "Балам, қазақтың бір қаракөзін алайық. Сен аға боласың" деп үйретіп жүрмін. Балам да қарсы емес. Бірақ әлі ерке сияқты", - деді Мөлдір Әуелбекова.