бейсенбі, 4 шілде 2024
Жаңалықтар 137 27.12.2023 13:45

Алматыда автобус апатынан қайтыс болғандарды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті

Автобус апатынан қайтыс болған ерлі-зайыптының артында төрт баласы қалды, деп хабарлайдыTeznews.kz ақпараттық порталы КТК-ға сілтеп.

Бірнеше уақыт бұрын қоғамдық көлік жол жиегінде тұрған жолаушыларды басып, салдарынан 3 адам қайтыс болған еді.

Қайтыс болғандардың екеуі ерлі-зайыптылар. Талап Косимов пен Гүлжахан Ирсімбетова үйге қайту үшін жол бойында такси ұстап тұрған. Осы сәтте оларды автобус қағып кеткен.

Ең өкініштісі, марқұмдардың артында төрт бала жетім қалды.

"Кішісі үйге қонақтар келді деп ойлайды. Жүгіріп, ойнап жүр. Ата-анасы жақында келеді деп ойлайды. Анасы мен әкесі қайда деп сұрағанда не деп жауап беретінімізді білмеймін. Мәйітханада мәйітті орап, ашуға тыйым салды. Қатты соққыдан бет-әлпеті тануға келмейді. Жаназаға дейін жуындырмады да. Олар үнемі бірге жүретін. Үнемі үйге асығатын. Балалар таң атқанша анасы мен әкесін күтті", – дейді туысы Гүлнар Тұрсынбекова.

Ата-анасы үйге оралмаған кезде үлкен қызы оларды іздей бастаған. 23 жастағы бойжеткен аурухана мен полицияға хабарласқан. Кейін ата-анасының денесі мәйітханада екенін білген.

Туыстары марқұмдарды ақтық сапарға шығарып салды.